Р. Гаур: Үкіметтің технологиялық жаңаруға қатысты бастамалары маңызға ие — біз инвесторлар ретінде атсалысуға әрқашан дайынбыз

Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable қатысушысы, Railways KEC International Ltd. атқарушы директоры Кумар Ракеш Гаур Қазақстанды инвестициялар салуға тартымды нарық деп атады, сондай-ақ, соңғы 10 жылдағы экономикалық өсімі мен үлкен әлеуетін атап өтті.

Railways KEC International Ltd. Қазақстанда соңғы 10 жылдан бері жұмыс істейді. Компаниямен бірлесіп «ЮКГРЭС», «Ағадыр – Екібастұз», «Алма – ЮКГРЭС» электр өткізу желілері салынған, сонымен қатар компания KEGOC жаңғырту жұмыстарымен де айналысқан.

«Біздің ұйымдастыру саласындағы тәжірибеміз жақсы дамыған, біз— транспарентті және тиімді ұйымбыз. Қазақстанмен жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз. Үкіметтің технологиялық жаңару жөніндегі бастамалары аса маңызға ие. Біз Қазақстанның елеулі өсімі мен әлеуетін көріп отырмыз. Үндістан тарапынан жақсылықтар тілейміз және инвесторлар, әзірлеушілер ретінде әрқашан атсалысуға дайынбыз», — деді инвестор.

Сонымен бірге Ракеш Гаур келешекте де халықаралық қауымдастық үшін ашық ел болып қала беруді ұсынды.

«Біз мұнда келіп, құрылыс жүргізіп, дамуға атсалысу үшін халықаралық байланыстарға арналған жүйелеріңізді көбірек ашуға кеңес береміз. Бұл бүкіл инфрақұрылымды жақсартуға жол ашады. Дамудың үлкен әлеуеті бар қалалар мен елді мекендер бар. Сондықтан да біздің Үкіметке қолдауымыз бен берер кеңесіміз — көбірек өзара әрекеттесу, осындай форумдарды жиі ұйымдастырып, мүмкіндігінше халықаралық қауымдастықты көбірек шақыру қажет», — деді Ракеш Гаур. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу