Президент тапсырмаларын орындау аясында елімізде енгізілген ақпараттық жүйе ШОБ-ты мемлекеттік қолдаудың 79 шарасын қамтиды — Е. Жамаубаев

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы және бюджетке салық түсімдері туралы тапсырмаларын іске асыру бойынша журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Атап айтқанда, министр ауыл шаруашылығы мен ШОБ-қа мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияларды тиімді пайдалануға мониторинг жүргізу үшін жаңа тәсілдерді енгізу мәселесі бойынша түсінік берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Қаржы министрлігі бюджеттік, қаржылық-экономикалық және әлеуметтік-экономикалық тиімділікті бағалау алгоритмдеріне құрылған ақпараттық жүйені әзірледі», — деді Е. Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, жүйе мемлекет салған әрбір теңгенің тиімділігін кәсіпкерлік субъектілері тұрғысынан да, экономика салалары мен мемлекеттік бағдарламалар тұрғысынан да анықтауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні ақпараттық жүйе мемлекеттік қолдаудың 79 шарасын қамтиды. Ол жетілдіріліп, кеңейтілетін болады.

Бұдан әрі министр түсіндіргендей, жүйенің нәтижелері келесі бағыттар бойынша пайдаланылатын болады:

Біріншіден, мемлекеттік бюджетті жоспарлау кезінде, бұл бюджет шығындарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, жергілікті атқарушы органдар мен операторлардың қабылдайтын шешімдерін бағалау жүйесі құрылады, сондай-ақ басшылардың рейтинг жүйесі енгізіледі.

Бұл жосықсыз кәсіпкерлерге қаражат бөлуді бақылауға және жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, тексеруші органдар мемлекеттен көмек алған жосықсыз кәсіпкерлік субъектілері бойынша нақты тексерулер жүргізетін болады

Бүгінде елімізде 1 млн 200 мыңға жуық жеке кәсіпкер тіркелген.

Қаржы министрлігінің талдауына сәйкес, 2019 жылы жеке кәсіпкерлерден салықтық түсімдер 150 млрд теңгені, 2020 жылы шамамен 185 млрд теңгені құрады.

2021 жылдың 8 айында түсімдер шамамен 76 млрд теңгені құрады.

Мораторий шеңберінде 01.01.2020 ж. бастап 01.01.2023 ж. аралығында арнаулы салық режимдерін қолданатын микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілері деп танылатын тұлғалар, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер табыстарға салынатын салықтардан босатылды. Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша салықтық демалыс кезеңінде бюджетке 380 млрд теңге түспейді.

Салық бойынша тақырыптың жалғасында министр қазақстандықтар үшін мобильдік аудармаларды фискалдандыруды енгізу туралы сұраққа жауап берді.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп, мобильдік аударымдарды реттеу аясында тиісті заңнамалық түзетулер дайындады. Олар жеке есепшотты кәсіпкерлік мақсатта пайдалануды қарастырады.

«Яғни жеке тұлғалардың жеке мақсаттары үшін жеке карта есепшоты, ал бизнестің жеке кәсіпкерлері үшін жеке есепшоты қалады», — деп түсіндірді Е. Жамаубаев.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, кәсіпкерлік қызметте жеке аударымдарды пайдалану фактілерін болдырмау үшін осындай қызметке арналмаған шоттарды пайдалана отырып, табыс табу белгілерін анықтау тетігін әзірлеу ұсынылады. 

Бұл түзетулер азаматтардың жеке аударымдарына қатысты емес.

Бастамалар салықтың жаңа түрі емес және халықтың жеке шегерімдеріне әсер етпейді.

Қазіргі уақытта түзетулер Парламент Сенатында қаралуда.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу