Өсімпұлдар жеке тұлғалардың барлық салықтық міндеттемелері бойынша есептен шығарылады — ҚР Қаржы министрлігі

Өсімпұлдарды есептен шығару бойынша әзірленген ережелер туралы ҚР Үкіметінің алаңында ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов айтып берді. 

Заңда өсімпұлдарды есептен шығару өкілетті орган - Қаржы министрлігі белгілеген тәртіп бойынша жүргізілетіні қарастырылған. 

Қ. Баеділов хабарлағандай, жақында, шамамен шілде айының үшінші онкүндігінде өсімпұлдарды есептен шығару бойынша жұмыстар басталады. 

Аталған Ережелерге сәйкес, әрбір аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында өсімпұлдарды есептен шығару бойынша комиссия құрылады. Бұл комиссия функциясына қарыздар сомасын өтеген салық төлеушілерді іріктеу үшін дербес есепшоттарды түгендеу бойынша күнделікті жұмыстар, 3 жұмыс күні ішінде қарыздарын өтеген салық төлеушілер бойынша өсімпұлдарды есептен шығару туралы шешімді шығару кіреді. Сонымен қатар, шешім шығарылған күннен бастап 3 күннен кешіктірмей салық төлеушінің дербес есепшоттары бойынша өсімпұлдар есептен шығарылады. 

Қарызының сомасын жеке тұлғалар Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсы немесе электронды Үкімет порталы (E-gov.kz) арқылы біле алады. 

«Арнайы өтініш жазып, мемлекеттік кірістер органдарына қандай да бір құжаттарды әкелудің қажеті жоқ. Ең бастысы - өткен жылдардағы өзінің міндеттемелері бойынша негізгі салық сомасын төлеу. Мемлекеттік кірістер органдары күн сайын дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жасайтын болады және олар негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешімді 3 жұмыс күнінен кешіктірмей  шығарады», - деді қаржы вице-министрі.

Бүгінде «Салық төлеуші кабинеті» веб-қосымшасында дербес есепшотын көру үшін ЭЦҚ керек. Бірақ ЭЦҚ қолданбай-ақ қарызы туралы білуге болады, ол үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында ЖСН бойынша мәліметтерді онлайн-режимде алуға мүмкіндік беретін сервис іске қосылған. 

Қ. Баеділовтың айтуынша, өсімпұлдарды есептен шығару жеке тұлғаның барлық салықтық міндеттемелері бойынша жүргізіледі.   

Негізінен, олар жеке тұлғаның жеке меншігіне - жеріне, мүлкіне, көлігіне салынатын салықтар, сондай-ақ мүлікті сату кезіндепқұнының өсімінен мүлік салығын алумен байланысты жеке табыс салығы бойынша міндеттемелер. Жалғыз шарт - 2019 жылдың соңына дейін 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтық кезеңдегі салық міндеттемелері бойынша пайда болған қарыздарын төлеу. Яғни жеке тұлға тек өткен жылдардағы негізгі қарыз сомасын өтеуі керек, ал өсімпұлдар сомасы есептен шығарылады. 

Сонымен қоса, ағымдағы жылдың басынан бері негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық жүргізіліп келеді.  2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 40 мыңға жуық салық төлеуші 7,6 млрд сомасына негізгі қарызын өтеген, олар бойынша 2,1 млрд теңге сомасына өсімпұлдар мен 180,6 млн сомасына айыппұлдар есептен шығарылған. Салықтық рақымшылық ағымдағы жылдың соңына дейін созылады.       

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу