Жұмыс берушінің 5% мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналары жұмысшылардың жалақысына әсер етпейді — Б. Сапарбаев

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев 5% мөлшерінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналарынан (қызметкерлер табысының 10%) бөлек, жұмыс берушілер өз қаражаттары есебінен 5% мөлшерінде зейнетақы жарналарын төлейтін болады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен қызметкердің айлық кірісінің 5% мөлшерінде төленеді.

Б. Сапарбаевтың айтуынша, заңнамаға сәйкес зейнетақымен қамтамасыз етуде әлеуметтік ниеттестік болуы керек.

«Бірінші – мемлекет, екінші – қызметкердің өзі, үшіншісі – жұмыс беруші. Бүгінде негізінен тек екі тарап жұмыс істейді: мемлекет және жалақысының 10% аударатын қызметкердің өзі. Мемлекет жиынтық зейнетақымен бірге базалық зейнетақы төлеуді жалғастырады. Осы жылдан бастап базалық зейнетақының мөлшері 30% дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда жұмыс берушілер зейнетақыны тек өздерінде жұмыс істеген және еңбек жарақатын алған қызметкерлерге, декреттік демалысқа шыққан әйелдерге төлейді», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Б. Сапарбаевтың айтуынша, бұл қадам жұмысшылардың жалақысына әсер етпейді: бұл 5% жұмыс берушіден түседі.

Сонымен бірге, Бердібек Сапарбаев жұртшылық арасындағы көптеген сұрақтар мен талқылауларды ескере отырып, ҚР Президенті Қ. Тоқаев ҚР Үкіметіне заңды одан әрі жетілдіруді тапсырғанын хабарлады.

«Біз жұмыс тобын құрамыз, оның құрамына жұмыс берушілер, "Атамекен" ҰКП, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сарапшылар кіреді. Мәселені бірге талқылап, ұсыныстар енгіземіз», — деді Б. Сапарбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу