Карантин режимі әлі де сақталады — Е. Тоғжанов

Карантин режимі әлі де сақталады. Оның талаптарын бәріміз сақтауға міндеттіміз. Карантин шектеулері әр өңірдің жағдайына байланысты жеке қаралып, оны жеңілдету туралы шешім кезең-кезеңімен шығарылып отырады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің алаңында өткен Төтенше жағдай режимінің аяқталуы туралы онлайн-брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 2020 жылғы 16 наурыздан бастап енгізілген төтенше жағдай режимін тоқтатқанын хабарлады. Дегенмен, коронавирус инфекциясының қауіпі әлі сейілген жоқ. Қазіргі таңдағы ең маңызды әрі қажетті шара – халық денсаулығын сақтау. Сондықтан, карантин режимі әлі де сақталады. Оның талаптарын бәріміз сақтауға міндеттіміз», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Карантин шектеулері әр өңірдің жағдайына байланысты жеке қаралып, шешім кезең-кезеңімен шығарылып отырады. 

Төтенше жағдай кезеңінде ТЖ қамтамасыз ету үшін арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның 18 отырысы өткізілді, 500 шешім қабылданды. Бұл шешімдер – еліміздің экономикалық жағдайын тұрақтандыру, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу, азаматтардың жеке тағдырына қатысты міндеттерді орындауға арналған қаулылар.

«Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында инфекцияның беталысын бақылауға қол жеткіздік. Аурудың өсімі 40-50%-дан соңғы апталарда 5-3%-ға дейін төмендеді», — деді Е. Тоғжанов.

 Халықтың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету үшін ҚР Президенті кең ауқымды шаралар қабылдады.

 «Экономикалық қиындықтарға қарамастан, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін дер кезінде орындап жатыр. Бұл мақсаттарға биыл 3,4 трлн теңге қарастырылған», — деді вице-премьер.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының шешімімен 4 млн-ға жуық зейнеткер мен жәрдемақы алушылардың төлемдері жылдық мөлшерде 10%-ға арттырылды. Бұған қосымша 313 млрд теңге қарастырылды.

1 млн мұқтаж азамат 7 млрд теңгеге азық-түлікпен қамтамасыз етілді. 4,5 млн табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер тағайындалды. 1,6 млн жуық мұқтаж отбасыға коммуналдық төлемдерді өтеу үшін қаржылай көмек көрсетілуде.

Осы қиын кезеңде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуімен арнайы құрылған «Birgemiz» қоры арқылы карантиннен ең көп зардап шеккен азаматтарға елеулі көмек көрсетілді.

«Мәселен, 363 мыңға жуық адамға 18 млрд теңге көмек көрсетілді; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 5 млн маска тегін таратылды; алғы шепте жүрген 2 мыңнан астам дәрігерге қаржылай көмек көрсетілді», — деп нақтылап өтті Премьер-Министрдің орынбасары. 

Сонымен қатар, ТЖ кезінде барлық өңірлерде азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорлары құрылып, халық негізгі азық-түлік тауарларымен тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отыр. 

«Естеріңізде болса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша қосымша құн салығы (ҚҚС) жыл соңына 12%-ден 8%-ға дейін төмендетілді. Соның нәтижесінде, тауар өндірушілерге 8,7 млрд теңгеге көмек көрсетіліп отыр», — деді Е. Тоғжанов.


Сонымен қатар жоспарланған көктемгі егіс науқаны үшін қазақстандық фермерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 5%-дан аспайтын мөлшерде 70 млрд теңге бөлінді. Бұл жылдағы қалыпты мөлшерден 10%-ға көп. Аталған шарамен 2 405 аграрлық субъект қамтылды.

«Тағы бір айта кетерлік жайт, пандемия кезеңінде 62 елден 12 мың отандасымыз елге қайтарылды. Бұл жұмыс әлі де жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша әлі 7 мың Қазақстан азаматын елге жеткізуіміз керек», — деп вице-премьер сөзін түйіндеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу