Биылғы І жарты жылдықта 1000-нан астам отбасы жұмыс күші мол аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге көшірілді

Үкіметте өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-мнистрі Е. Жылқыбаев жұмыс күші мол аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтарды көшіру барысы туралы айтып берді.

Е. Жылқыбаевтың айтуынша, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты аясында әлеуметтік жұмыс орындарын, жастар практикасын, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру көзделген.  Бүгінде осы шаралар бойынша 88 мың адам жұмысқа орналасты (әлеуметтік жұмыс орындарына – 17 мың, жастар практикасына – 15 мың, қоғамдық орындарға – 55 мың адам).

Сондай-ақ, осы бағыт аясында жұмыс күші артық өңірлерден (Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласы) азаматтарды еңбек күші тапшы (Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына) көшіру қарастырылған.

Биыл 2253 отбасын (9614 адам) көшіру жоспарланған, олардың 1050 отбасы немесе 3 707 адам (39%) бүгінде қоныс аударып үлгерген. Көшкен адамдардың 1190-ы немесе еңбекке жарамды жастағы 63%-ы (1 879 адам) жұмысқа орналасқан.

Шығу өңірлеріне Нұр-Сұлтан қаласы да қосылған. Осы жылдың басынан бастап Павлодар облысында «Нұрлы Ертіс» жобасы жүзеге асырылуда, ол өзінің тиімділігін көрсетті.

Бүгінгі таңда Екібастұзға Нұр-Сұлтан қаласынан 103 көпбалалы отбасы немесе 612 адам (оның 188-і еңбекке қабілетті және 425-сі бала) көшірілген. Олар 5 жылға жалдамалы үймен қамтамасыз етілген, балаларды мектептер мен балабақшаларға орналастыру мәселесі шешілген. Азаматтардың 80% жұмыспен қамтылды. Жылдың соңына дейін 200-ден астам отбасын Нұр-Сұлтан қаласынан көшіру жоспарлануда.

«Қазіргі таңда Павлодар облысында өнеркәсіптік, коммуналдық және әлеуметтік кәсіпорындарда бос жұмыс орындары бар. Сондықтан жұмыспен қамту, баспана мәселесі де туындамайды. Барлық көп балалы отбасымен жұмыс жасалды», — деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар, қоныстандыру аясында Солтүстік Қазақстан облысына биыл 428 үйдің құрылысына 3 млрд теңге бөлінді. Қоныс аударушыларға бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде.

Біріншіден, отбасының әр мүшесі үшін қоныс аударуға біржолғы субсидиялар қарастырылған — 88 мың теңге (35 АЕК) мөлшерінде.

Екіншіден, қоныс аударушылар үшін ай сайын 20 ай бойы жалдамалы тұрғын үйге және коммуналдық төлемдер үшін субсидиялар қарастырылған. Орташа алғанда субсидиялар 63 мың теңгені (25 АЕК) құрайды.

Қоныс аудару аймағына және отбасы мүшелерінің санына байланысты субсидияларда айырмашылықтар бар.

Сонымен, қалаға көшкен отбасы үшін:

- бір адамға 20 АЕК (50 500 тг.);

- отбасында екіден төрт адамға дейін болса 25 АЕК (63 125 тг.)

- отбасында бес немесе одан көп адам болса 30 АЕК (75 750 тг.)

Ауылды жерге көшу үшін:

- бір адамға 15 АЕК (37 875 тг.);

- отбасында екіден төрт адамға дейін болса 18 АЕК (45 450 тг.)

- отбасында бес немесе одан көп адам болса 20 АЕК (50 500 тг.)

Сонымен қатар, брифинг барысында бірінші вице-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа шаралары туралы баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, шілде айының басында аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларды, еңбекке қабілетті мүгедектерді мен жастарды қолдау үшін қосымша қаржы бөлінді, олар: жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін өтеусіз гранттар беруге, қысқа мерзімді оқыту курстарына, мобильді жұмыспен қамту орталықтарының қызметін қамтамасыз етуге, «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, шағын несие беруге бағытталған.

Көп балалы аналар мен мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған адамдар үшін үйде әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылады.

Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы қайта қалыптастырылды — олар «мәлімдеуші» принциптен «проактивті» жұмыс форматына көшуде. Яғни, жұмыспен қамту орталықтары азаматтар оларға жүгінгенше күтпейді, өздері іздеп, жұмыспен қамту қызметтерін ұсынатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу