ҚР Премьер-Министрі «Атамекен» ҚР ҰКП президиумының отырысына қатысты

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының кеңейтілген отырысының жұмысына қатысты.

Отырыс барысында «Атамекен» ҚР ҰКП басқармасының 2016 жылға арналған есептемесі тыңдалды, 2017 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды, сонымен қатар, отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту, ғылымды қажет ететін экономикаға ауысу, отандық өнімнің экспортқа шығуы және адам капиталын қалыптастырудың өзекті мәселелері талқыланды.

Талқыға салынған мәселелер бойынша кәсіпкерлік орта өкілдері: «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Н. Әлтаев, «Alageum Gruop» ЖШС басқарма төрағасы С. Қожабаев, Қызылорда облысы сервис және қызмет саласы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Е. Раимов, «Баян Сұлу» АҚ президенті Т. Садықов және т.б. сөз сөйледі.   

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев өз баяндамасында мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік ортаның конструктивті және үйлесімді жұмысының арқасында өткен жылы елдің экономикалық дамуының көптеген аспектілерінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін айтып өтті.  

Ағымдағы жылы Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары», «2017-2021 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы» және Бірыңғай тұрғын үй құрылысы тұжырымдамасы жобалары әзірленген, оларды жүзеге асыру келесі 2017 жылдан басталады.  

Б. Сағынтаевтың пікірінше, бизнес қауымдастықтың белсенді позициясының арқасында аталған құжаттарда ел халқының түрлі топтарының мақсат-мүдделерін сипаттайтын нормалар көрініс тапқан.

«Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі жобасында «Атамекен» ҰКП өкілдерінің талқылауы үдерісіне тікелей қатысуы кезінде Қазақстанның экономикасын дамытуға маңызды нормаларды қорғау мүмкін болды. Енді жобалардың барлық ережелерін халыққа белсенді түрде жеткізу қажет», – деп баса айтты Б. Сағынтаев.

Сондай-ақ Премьер-Министр еліміздегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын ілгерілету және мемлекеттік сатып алулар ережелерін жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажеттігіне баса назар аударды.

Сөз соңында Б. Сағынтаев еліміздің бизнес қауымдастығын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығымен құттықтап, табыстар тіледі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу