Премьер-Министр еліміздің әуежайларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды

Кәрім Мәсімов еліміздің әуежайларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын соңына дейін жеткізуді тапсырды.

«Ыстамбұл әуежайында жақында теракт болғанын білеміз, сондықтан біз қазіргі сәтте қауіпсіздік мәселесіне баса мән берудеміз... Қазір Президенттің тапсырмасы бойынша облыстарды аралағанда әуежайлардағы қауіпсіздікті нақты көруге тырысамын. Бәрі ойдағыдай тәрізді, бірақ мәселелер бар. Оның бәрін соңына дейін жеткізіп, ресурстар бөлу қажет. Елбасы тапсырғандай, барлық мәселені түбегейлі шешу қажет», - деп атап өтті Үкімет отырысында Премьер-Министр.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 20 әуежай тұрақты рейстерді қабылдайды.

«Біз мәселені айрықша бақылауда ұстап отырмыз. Сіздің тапсырмаңыз бойынша барлық әуежайларға барлық күнделікті тексеру желілерін күшейтуге нұсқау бердік. Қазір барлық әуежайларда бастапқы тексеру желісі бар. Әуежайлардың бүкіл төңірегіндегі қауіпсіздік шараларын Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып күшейттік. Күш құрылымдарымен бірге бірнеше кеңес өткізіп, барлық әуежайлардың қосымша тексеру, бейнебақылау құрылғыларына қажеттілігін анықтадық. Бұл ұсынысты Қаржы министрлігіне жібердік, апта ішінде ұсынысты сіздің қарауыңызға енгіземіз», - деді министр.

Еске салайық, аймақтарға жұмыс сапары кезінде Кәрім Мәсімов Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қызылорда облыстарындағы әуежайларды жеке тексерген болатын. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу