ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Ресейдің ірі компанияларының басшылығымен бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында Ресейдің орталық мемлекеттік органдарының, мемлекеттік корпорациялары мен қаржы-банк құрылымдарының басшылығымен кездесулер өткізді. 

РФ өнеркәсіп және сауда министрі Д. Мантуровпен өткен кездесуде өңдеу өнеркәсібіндегі (машина жасау, металл өңдеу, химия өнеркәсібі және т. б.) бірлескен жобаларды іске асырудың жай-күйі мен келешегі, сондай-ақ екіжақты форматта және ЕАЭО аясында сауданы кеңейту мәселесі талқыланды.

Сбербанкке барып, басқарма төрағасы Г. Грефпен кездесу кезінде ҚР Үкіметінің басшысы жасанды зерде, жиынтықты есептеулер мен робот техникасы саласындағы, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, логистика, корпоративтік және мемлекеттік басқару салаларында қолданылатын озық жобалармен танысты. 

Тараптар аталған салалардағы, сондай-ақ білім беруді цифрландырудағы және «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасында АТ-мамандарды бірлесіп даярлаудағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды. 

ВЭБ.РФ мемлекеттік даму корпорациясының төрағасы И. Шуваловпен өткен кездесуде ЕАЭО кеңістігінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, экономиканы технологиялық жаңғырту және цифрландыру, шикізаттық емес сектордағы сауданы кеңейту және т. б. мәселелер талқыланды.

«Росгеология» басқарма төрағасы С. Горьковпен, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры А. Лихачевпен, «Роскосмос» бас директоры Д. Рогозинмен өткен кездесулерде екі елдің геология, энергетика және ғарыш салаларындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.

Сапарға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайылов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, ҚР-ның РФ-тегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Е. Көшербаев және т. б. қатысты.



 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу