ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ЕҚҚДБ президенті С. Чакрабартимен ҚР-да бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) президенті Сума Чакрабартиді қабылдады.

«Өткен 27 жыл ішінде ЕҚҚДБ Қазақстанға салған инвестициялар көлемі қаржы, инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларында, ақпараттық технологиялар мен коммуналдық қызметтер секторларында, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау бойынша 271 жобаға $9 млрд-тан асты», — деді А. Мамин.

2019 жылы ҚР өнеркәсіп, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және басқа да салаларында $750 млн астам сомаға 29 жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойылды.

Тараптар Қазақстандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыруға ЕҚҚДБ-ның алдағы қатысуын талқылады. Атап айтқанда, ЕҚҚДБ Қызылорда, Қостанай, Тараз, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Алматы қалаларында жаңа көп бейінді ауруханалардың құрылысын қаржыландыруға қатысуды жоспарлап отыр.

А. Мамин мен С. Чакрабарти Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы аса ірі жоба — Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын іске асыру мәселесін қарастырды. 

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, жаңартылатын энергия көздері т. б. салалардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына зор көңіл бөлінді. 

Кездесуге Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы М. Әбілқасымова және индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Б. Қамалиев қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу