Премьер-Министр А. Мамин Шымкентті дамытудың және құрылыс жүргізудің кешенді жоспарын жылдам қабылдауды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Шымкент қаласының активімен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңесті аша отырып, Премьер-Министр Мемлекет басшысының Жарлығымен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала статусы берілгенін атап өтті. Елбасы Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық және өндірістік дамуына ерекше көңіл бөледі. Бұл бағытта Президент Шымкент қаласын дамытудың және құрылыс жүргізудің 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын дайындап, бекітуді тапсырды.

 

«Бүгінде Шымкент – бұл еліміздің миллион тұрғыны бар жетекші өнеркәсіптік, экономикалық және мәдени орталықтарының бірі. Мемлекет басшысы “Нұр Отан” партиясының съезінде Үкіметке және әкімдіктерге елдің ірі қалаларының шеткі аймақтарын абаттандыруға және проблемаларын шешуге ерекше назар аударуды тапсырды», — деп А. Мамин “қала әкімдігіне жаңа және салынып жатқан аудандардың тұрғындарының өзекті мәселелеріне көбірек көңіл бөліп, бірден үн қату қажет екенін, ал ең бастысы — бұл проблемаларды шешу керек” екенін баса айтты.

Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов Шымкенттің дамуының және құрылыс жүргізудің 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары жобасын ескерумен қаланың ағымдағы жағдайы мен даму келешегі туралы баяндады. Қалада бірқатар әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында, әуежайдың жаңа терминалының құрылысы, темір жол вокзалының, айналма жолдың реконструкциясы, қоғамдық көлікті жаңарту, электронды билет беруді енгізу шаралары бар. Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының тұрғын үй мәселелерін шешу үшін биыл «Сен жалғыз емессің» жобасы іске асырылып жатыр, оның аясында демеушілер есебінен баспанасы жоқ аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үйлер салу жоспарланған.

Бірінші қаржы вице-министрі Б. Шолпанқұлов, ұлттық экономика вице-министрі С. Жұманғарин, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ. Өскенбаев, энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев, мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаев, денсаулық сақтау вице-министрі О. Әбішев, білім және ғылым вице-министрі Т. Ешенқұлов Кешенді жоспар шаралары экономиканың жекелеген бағыттарының дамуына және оны іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету мәселелеріне қалай ықпал тигізетіні туралы баяндады. Баяндалған ақпаратқа сәйкес, Жоспарда қала экономикасын одан әрі дамыту, тұрғын үй мәселелерін шешу, ТКШ жаңғырту, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізу, жылумен, газбен қамту, сондай-ақ білім және денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша іс-шаралар қарастырылған. Сонымен қатар, әуе қатынастарын дамыту мәселелері туралы «SCAT» әуе компаниясының президенті В. Денисов өз ой-пікірін жеткізді.

Кеңес барысында Премьер-Министр Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіпті дамыту әлеуеті зор екенін, осы жұмыс сапары барысында барып көрген, АЭА-да орналасқан кәсіпорындар оған дәлел бола алатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қарапайым заттар экономикасын дамытуға 600 млрд теңге бөлінді, оның 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне бағытталады. Президенттің аталған бағыттағы тапсырмаларын орындау туралы «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрайымы Д. Жүнісова баяндады.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр қысқа уақыт ішінде Кешенді жоспарды қабылдау бойынша барлық қажетті рәсімдерді аяқтауды тапсырды. Бұл орайда, халықтың өмір сапасын жақсартып, табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

«Елбасымыздың “Әлеуметтік қамқорлық” жаңа әлеуметтік бастамалары азаматтардың жеке санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейтуге, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтуға, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға және “Ауыл – Ел бесiгi” арнайы жобасын іске асыруға бағытталған», — деп А. Мамин, жоспарланған барлық қолдау шараларын уақытылы көрсету қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу