ҚР Үкіметі ауылдық аумақтарды дамыту мәселесін қарады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері қаралды.

С.Ахметов айтқандай, ауылдарды дамытуға арналған жүйелі шаралар қабылдау бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған осы саладағы негізгі іс-шаралар мемлекеттік және салалық бағдарламаларда көрініс тапқан, сондай-ақ ауылдық аумақтарды түлету бойынша Жол картасы жасалып, жүзеге асырылуда.

«Тамызда аудандық маңыздағы қалалар, кенттер және ауылдар әкімдерін сайлау өткізілді. Олардың өкілеттігі заң жүзінде кеңейтіліп, штаттық бірліктер бөлінді, қаржыландыру ұлғайтылды»,-деген Үкімет басшысы, ауылдық аумақтарды дамытудың көкейкесті мәселелерін қарау мен шешудің актуалдығын атап көрсетті. 

Талқыланған мәселе бойынша Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин баяндады. Ол бүгінгі күні республикамыздағы елді мекендерде 7,6 млн. адам тұратынын, барлық ауылдардың ішінде 1310-ның даму әлеуетінің жоғары, 5192-сінің орташа болып табылатынын атап өтті.

Ауылдық аумақтарды инфрақұрылымдық дамыту бойынша шаралар білім беру, денсаулық сақтау, «Ақ бұлақ», коммуналдық шаруашылықтарды жаңғырту және басқа да бағдарламалар бойынша іске асырылуда.

«Үстіміздегі жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен 85 білім беру нысандарының құрылысы мен жаңғыртуға жалпы сомасы 27,4 млрд. теңге қарастырылса, 101 денсаулық сақтау нысанының құрылысына 17,3 млрд. теңге бағытталған. «Ақ бұлақ», коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламаларының шеңберінде құны 34,4 млрд. теңгеге 168 ауыз сумен қамтамасыз ету нысандары құрылысын салу және қалпына келтіру, сондай-ақ құны 2,5 млрд. теңгеге 14 ауылдық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету қарастырылған. Тұтастай алғанда, аталған бағдарламалардың шеңберінде 2013-2016 жылдарға арналып 373,2 млрд. теңге бөлу көзделеді»,-деді С.Жұманғарин.

Мемлекеттік қолдаулар шаралары қатарында «Агробизнес-2020», жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламаларын атаған вице-министр жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды қолдауға 2013 жылы республикалық бюджеттен 6,0 млрд. теңге бөлінгенін айтты. 

С.Жұманғариннің сөзіне қарағанда, ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы өңірлік саясаттың негізгі қағидаттары әкімшілік құрылымдарды ірілендіру, ірі тауарлы өндірістер құру болып табылады. Елді аумақтық кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі Болжамды схемасына сәйкес, ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту тірек ауылдық елді мекендерді анықтау мен дамыту шаралары арқылы көзделген.

Министрдің орынбасары «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларын есепке ала отырып жасалған ауылдарды түлету мәселелері бойынша Жол картасы бағыттары туралы хабарлап, оны орындауда жергілікті атқарушы органдардың маңызды рөліне тоқталды.

Оның сөзіне қарағанда, «ұсынылған шаралар ауылдық аумақтарды дамытудың тұтастай жүйесін қалыптастыруға, орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз етуге, шаруашылық жүргізуші субьектілердің қаржыны мақсатқа сай бөліп және көздеген нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді».

«Биліктің төменгі құрылымдарының рөлін арттыру мақсатында, ағымдағы жылы жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша Заң қабылданды, онда жергілікті маңызы бар мәселелерді жергілікті қауымдастықтың жиындары мен жиналыстары арқылы шешуде ауыл тұрғындарының рөлін көтеру, басқарудың төменгі деңгейіндегі әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейту көзделген»,-деді С.Жұманғарин.

Вице-министр ауылды жаңғырту бойынша аталған жүйелі шараларды іске асыру экономикалық өсім орталықтарын қалыптастыруға және ауыл халқының өмір сүруіне қолайлы жағдайлар туғызуға мүмкіндік беретініне сенімді.

Аталған мәселе бойынша сондай-ақ Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, Қаржы министрі Б.Жәмішев сөйледі. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Б.Сапарбаевтың, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі С.Ескендіровтың, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округының әкімі Б.Қыдырғожиннің, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінің әкімі Д.Ерімбетовтің есептері тыңдалды.

Отырыс соңында талқылаудың негізділігіне назар аударған Үкімет басшысы «жаңа сайланған әкімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды, ауылдық аумақтардың одан арғы дамуы көп жағдайда жергілікті әкімдердің іскерлігіне байланысты болады»,-деп атап көрсетті.

«Үкіметтік деңгейде мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр, 516 тірек ауылдар анықталды, ауылдық инфрақұрылым дамуда, АӨК дамыту бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелері шешілуде»,-деді С.Ахметов.

Отырыс қортындысы бойынша, Өңірлік даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және облыстар әкімдерімен бірлесіп үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін «Ауылдық аумақтарды дамыту» деген жеке тарау қоса отырып «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына түзетулер енгізу, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер және ауылдар әкімдерімен жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік функцияларды орталықсыздандыру мәселелері бойынша әдістемелік және түсініктемелік жұмыстарды жалғастыра беру тапсырылды.

Үкімет басшысы жаңа сайланған әкімдерді құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу