ҚР Үкіметі дағдарысқа қарсы қосымша шараларды жүзеге асыру бойынша жоспарды қарады

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Мемлекет Басшысының 2016 жылғы 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді.

ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Президент тапсырмаларын орындау үшін 2016 жылға арналған дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралар жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Жоспар 4 бағыт бойынша қалыптастырылды: ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру, қаржылық тұрақтылықты қолдау, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканы қолдау жөніндегі шараларды кеңейту, шағын және орта бизнесті және экономиканың негізгі салаларын қолдау, іскерлік белсенділікті қолдау және халықты жұмыспен қамту.

Е.Досаевтың мәлімдеуінше, бірінші бағыт шеңберінде 2016 жылы 1,450 трлн.теңге сомасындағы еркін зейнетақы жинағы 2015 жылдан қалған 400 млрд. теңгені қоса есептегенде, оның ішінде 2016 жылы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға – 350 млрд.теңге, БЖЗҚ портфелін әртараптандыруды қамтамасыз ету мақсатында сыртқы нарықтарға инвестициялау үшін шетелдік валютаға айырбастауға және азаматтардың зейнетақы жинағының кірістілігін арттыруға – 500 млрд.теңге, екінші деңгейдегі банктер мен ұлттық холдингтердің шартталған облигацияларын алуға – 600 млрд.теңге. инвестицияланатын болады.

«Ұсынылып отырған бөлініс оңтайлы, зейнетақы активтерінен барынша қайтарымды қамтамасыз етеді және инвестициялардың сақталуына кепілдік береді. Салымшылар үшін БЖЗҚ зейнетақы активтерінің бөлінісі тек нарықтық пайыздық мөлшерлеме негізінде жүзеге асырылатын болады», - деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі. Сондай-ақ, Е.Досаев зейнетақы жинағын инвестициялау бойынша аталған ұсыныстар БЖЗҚ қаражатын инвестициялау бойынша жаңа шешімдер қабылдағанша 2016 жылғы уақытша шешім болып табылатынын атап өтті.

Екінші бағыт бойынша Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысын қолдауға 360 млрд.теңге яғни 2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға жоспарланған 3 млрд. АҚШ долларынан 1 млрд. АҚШ долларын 2016 жылға ауыстыру есебінен қаражат бөлінеді.

Аталған қаражат - 53 млрд.теңге ЖАО кезекте тұрғандар үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысына, 149 млрд.теңге «ҚТҮҚЖБ» АҚ салымшылары үшін несиелік тұрғын үй құрылысына, 97 млрд.теңге тұрғын үй салушы құрылыс компанияларын қолдауға, 61 млрд.теңге инженерлік –коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бағытталады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2016 жылғы жоспар бойынша белгіленген 516,5 мың шаршы метр баспананың орнына биыл 1,5 млн. шаршы метр немесе 29400 пәтер, 2017 жылы 540 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде ЖІӨ өсіміне 0,5 пайыз деңгейінде үлес қосады және 70 мыңнан астам қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді»,-деді министр.

Аталған бағыттың екінші басымдығы - ЭКСПО-2017 көрмесі және Универсиада-2017 құрылыс нысандарын тездетіп аяқтап, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыру. Аталған жобаларды өз уақытында жүзеге асыру үшін 2016 жылы 194,5 млрд.теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.

«Үшінші бағыт шеңберінде өндіріс көлемін сақтау және жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті, бірінші кезекті ШОБ қолдау мақсатында жоғарыда атап көрсетілгендей, зейнетақы активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету және экономиканы қорландыру үшін нарықтық пайыздық мөлшерлеме бойынша 600 млрд. теңге көлемінде БЖЗҚ қаражатын тарту жоспарланып отыр.

Жоғарыда аталған сомадан 200 млрд.теңге ЕДБ арқылы айналымдағы қаражат және 50% де 50% арақатынасы бойынша қарыздарды қайта қаржыландыру үшін ШОБ қажеттіліктерін қаржыландыруға жұмсалады.

167,5 млрд.теңге «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы экспорттаушыларды несиелендіруге, 3 456 ауылдық елді мекендерде кең жолақты интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша несиелендіруге және отандық жүк және жолаушылар вагондары өндірісін қолдауға бағытталады.

132,5 млрд.теңге «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы валюталық міндеттемелерді және евробондтарды жабуды қайта қаржыландыруға, «ҚТЖ» ҰК» АҚ жобаларын одан әрі қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін қарыз алу көлемін ұлғайтуға бағытталады.

Төртінші бағыт бойынша жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында 2016 жылы қалыптастырылған Үкіметтің арнайы қорынан, оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін, ТКШ нысандары мен әлеуметтік инфрақұрылымдарды жөндеу бойынша жобаларды іске қосу, шағын несиелендіруді арттыруға 98,9 млрд.теңге бөлінетін болады.

«Нұрлы жол» мемлекетік бағдарламасын жүзеге асыруға 2016 жылға арналған қаражаттың және ХҚҰ гранттары мен тартылған қарыздары есебінен 2016 жылы дағдарысқа қарсы шаралар пакетін қаржыландырудың жалпы көлемі 2 трлн.теңгені құрайды. Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыруға бөлінген қаражатты толық игеру экономикалық белсенділікті қолдауға мүмкіндік береді, жұмыспен қамтуды қолдап, 0,8-1 пайыздық деңгейде экономикалық өсуді қамтамасыз етеді» - деп қорытындылады Е.Досаев.

Аталған мәселе бойынша Ұлттық банктің, бірқатар министрліктер мен мекемелердің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБҚ» АҚ және басқа да ұйымдардың басшылары сөйледі.

Отырысты қорытындылай келе, К.Мәсімов мемлекеттік органдарға келесі апта ішінде бюджетке тиісті өзгерістерді дайындауды тапсырды. «Қаражат экономикаға барынша тез түсуі қажет», - деді Үкімет басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу