Үкімет «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысын қарады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

С.Ахметов бағдарламаның маңызын айта келіп, «халықты сапалы да қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік жаңғыртудың негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын, оның Мемлекет басшысының айрықша назарында отырғанын», атап көрсетті.

Бағдарламаның осы жылғы 9 айдағы жүзеге асырылуының қортындылары туралы Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады. Құрылыс қарқынының өсуі жылдық жоспардың 69%-ға орындалуымен сипатталып отыр, бұл биыл 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік береді,-деді вице-министр.

Қ.Өскенбаевтың айтуынша, «жалпы пайдалануға берілетін тұрғын үйдің 59%-дан астамы, яғни 2,7 млн. шаршы метрі жекеменшік тұрғын үй құрылысының үлесіне тиеді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 12%-ға артық. Мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар 9 айда 524,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді».

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, «жалға берілетін тұрғын үйдің кезекпен күткендер үшін оның құрылысына 2013 жылы 17,5 млрд. теңге нысаналы трансферт қарастырылған. 1 қазанға кестеге сәйкес өңірлерге 13,8 млрд. теңге аударылып, 12 млрд. теңге немесе 94%-і игерілді».

Ол сондай-ақ, биыл бұл бағыт бойынша жалпы аумағы 285 мың шаршы метр болатын 4 мың пәтер салу жоспарланып отырғанын, облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне жас отбасылар үшін салынатын жалға берілетін тұрғын үй құрылысына үстіміздегі жылы 10 млрд. теңге нысаналы трансферттер қарастырылғанын, 1 қазанға 8,2 млрд. теңге аударылып, оның 7,2 млрд. теңгесі немесе 87%-ы игерілгенін хабарлады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үйді пайдалануға беру саласындағы жағдайды, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылыстары жайын сипаттай келіп, Қ.Өскенбаев Мемлекет басшысының жалға берілетін тұрғын үйдің жылдық көлемін 2016 жылға қарай 1,0 млн. шаршы метрге жеткізу туралы тапсырмасын орындау бойынша шаралар туралы хабарлап, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасында қарастырылған, құрылыс ауқымын 10 млн. шаршы метрге жеткізу бойынша шаралар туралы» әңгімеледі.

Отырыста сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрағасы А.Жұмағұловтың, «Қазақстандық тұрғын үй құрылысы Корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Р.Құсайыновтың, «Самрұқ-Қазына» жылжымайтын мүлік Қорының басқарма төрағасы Б.Палымбетовтың есептері тыңдалды.

Үй құрылысы комбинаттары жобаларын жүзеге асыру мәселесі бойынша Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаев баяндады.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын орындау бойынша Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың, Қарағанды облысының әкімі Б.Әбдішевтің, Павлодар облысының әкімі Е.Арынның, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің, Астана қаласы әкімінің орынбасары С.Хорошунның есептері тыңдалды.

Отырыста талқыланған мәселелерді түйіндей келе, Үкімет басшысы ЭБЖМ-нің назарын «бағдарламаны жүзеге асыруға қаржыны кедергісіз бөлуге» аударып және ӨДМ-ге бюджет қаржысының мерзімінде игерілуіне мониторинг пен бақылау жүргізуді, облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне үстіміздегі жылға жоспарланған тұрғын үйлерді пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

С.Ахметов сондай-ақ ӨДМ, ИЖТМ-ге өңірлер әкімдерімен бірлесіп үй құрылысы комбинаттарын жүктеу бойынша бағадарлама дайындауға өкім етіп, сонымен қатар әкімдерге жергілікті жерлерде ЖТҚ-ты мерзімінде пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу