ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов ЕЭК отырысына қатысты

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов Шолпан-Ата қаласында (Қырғызстан) өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

ЕЭК Кеңесінің мүшелері интеграция, сауда, халықаралық ынтымақтастық, кедендік және техникалық реттеу, өнеркәсіп, қаржы саясаты, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) елдерінің экономикаларын цифрландыру, өнеркәсіптік ынтымақтастық және басқа да бірқатар салалардағы мәселелерді қарастырды.

ЕАЭО мүше-мемлекеттер арасындағы өзара саудадағы кедергілерді жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат тыңдалды. Кедергілерді одан әрі қысқарту бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды.

«Өнеркәсіптік жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу технологиялары» жаңа Еуразиялық технологиялық платформасы бекітілді. Осы платформаның мақсаты мүше мемлекеттердің қаржылық және әкімшілік ресурстарын шоғырландыру есебінен ЕАЭО мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік жабдықтарын жөндеу саласында жұмыс істейтін қоғамдастықтардың, мүше мемлекеттердің жөндеу технологияларының инновациялық дамуын қарқындатуға бағытталған кәсіпорындардың шығармашылық, техникалық және қаржылық мүмкіндіктерін көбейту болып табылады.

ЕЭК Кеңесінің мүшелері, сондай-ақ, ЕАЭО кедендік аумағында тауарларды таңбалауды енгізудің жекелеген мәселелерін, сондай-ақ оны іске асырудың техникалық аспектілерін қарастырды.

ЕЭК Кеңесінің отырысы аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2019–2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын іске асыру бойынша іс-шаралар тізбесі бекітілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу