Олжас Бектенов Президенттің Петропавл ЖЭО-сын жаңғырту жөніндегі тапсырмасының орындалу қарқынын тексерді

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысымен танысты.

«Севказэнерго» АҚ-ның Петропавл 2-ЖЭО-сын аралау кезінде тұрғындарды жылу энергиясымен сапалы және үздіксіз қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылды. Петропавл 2-ЖЭО жабдығының 57,3%, Солтүстік-Қазақстан ЭТК жабдығының 96,6%, жылу желілерінің 77,5%-ның тозығы жеткен, қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылы инвестициялық және жөндеу науқаны аясында Петропавл 2-ЖЭО-да 17,6 млрд теңгенің жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 2027 жылға дейін 739 шақырым электр желілері мен 240 қосалқы станция салу үшін жыл сайын бюджеттен 4 млрд теңгеден қаражат бөлу көзделіп отыр. 

«Күзгі-қысқы кезеңнің қалыпты өтуі, сондай-ақ халықты жылу және электр энергиясымен тиісті деңгейде қамтамасыз ету – ерекше бақылауда. Станцияда жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақтылы және толық орындап, осы жылдың соңына дейін жаңа түтін мұржасының құрылысын аяқтау қажет. Үкімет тарапынан ең маңызды жобаларды қаржыландыру бойынша қолдау көрсетілетін болады», — деді Олжас Бектенов.

Петропавлдағы Универсальная көшесі бойындағы жол өтпесінің құрылыс алаңында Үкімет басшысына жұмысшы кентінен қаланың орталық бөлігіне шығатын жалғыз жол өтпесінің апатты жағдайда болуына байланысты өткен жылы оған жапсарлас көпірдің құрылысы басталғаны туралы баяндалды. Жаңа жоба 1961 жылы салынған жол өтпесіндегі жүктемені азайтып, кейіннен күнделікті қозғалысты тоқтатпай, күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы жаңа жол өтпесінің ашылуы ірі көлемді жүк көлігі қозғалысын жаңа көпірге бағыттап, сондай-ақ ескі көпір арқылы жеңіл көліктер мен автобустардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жол ашады.

Олжас Бектенов жол-көлік инфрақұрылымы Үкімет жұмысының басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Биылдың өзінде өңірде республикалық және жергілікті маңызы бар ортақ пайдаланылатын автожолдарды салуға және жөндеуге 39 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-Министрі #ЖЭО #Жұмыс сапары #Инфрақұрылымдық даму #ТКШ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу