Нұрсұлтан Назарбаев: Үкімет 2016 жылдың соңына дейін Мәжіліске 7 заң жобасын енгізеді

ҚР Парламентінің депутаттары екінші сессия барысында 50 заң жобасын қабылдайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.

Қазақстан Президенті VI шақырылымының екінші сессиясы Тәуелсіздіктің 25-жылдығымен сәйкес келгенін атап өтті.

«Елiмiз Тәуелсiздiк тарихының екiншi ширегiн тың қарқынмен бастайды деп сенемiн. Бiз «Қазақстан-2050» стратегиясында көздеген мақсаттарымызға үздiксiз ұмтыламыз. Алдымызда үлкен мiндеттер мен ауқымды жұмыстар тұр. Бұл орайда Парламентке де зор жауапкершiлiк жүктелетiнiн өздерiңiз бiлесiздер. Бес институттық реформаның жүзеге асуын, Ұлт жоспарын анықтамалық қамтамасыз ету зор қарқынмен жалғасуы қажет. Өткен жылы дүние жүзіне жариялаған жаңа реформалардың бесеуiн, 100 қадамды түгел орындап, сөзбен ғана емес, iспен жұмыс iстейтiнiмiздi әлем күтiп отыр», – деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің өркендеуі үшін қажетті көптеген заң қабылдауды, олардың арасында жуық арада қабылдануы тиіс шұғыл заңдар бар екенін айтты.

«Жаңа сессия барысында депутаттарға 50-ге жуық заң жобасын қарап, қабылдау қажет болады. Сонымен қатар, депутаттардың өздері бастамашы болып, Үкімет қолдау көрсеткен 7 жаңа заң бар. Мұндай маңызы зор бастамалар біздің депутаттық корпустың жоғары кәсiбилiгiн айғақтайды», – деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, өткен сессия барысындағы 28 жобаның талқылау процесі қазірдің өзінде басталып кеткенін атап өтті.

«2016 жылға арналған заңжобалық жұмыс жоспарына сәйкес, Үкімет Мәжіліске 4 жоба енгізді, ал 7 заң жобасы осы жылдың соңына дейін енгізіледі. Бірқатар заң жобаларын Үкімет жоспардан тыс ұсынуы мүмкін. Жалпы алғанда, қоғамның...  депутаттық корпус алдында маңызды міндеттер тұр», – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

Анықтама үшін:

30 шілде күні Қазақстан Парламенті VI шақырылымның бірінші сессиясын аяқтаған. Бірінші сессияда палаталардың 3 бірлескен отырысы, Мәжілістің 12 пленарлық отырысы, Сенаттың 6 пленарлық отырысы өтті. Парламент қарауында 42 заң жобасы болды, оның 18 – өткен шақырылымнан, 24 – осы сессия барысында алынған. 7 заң жобасының бастамашысы – депутаттар. Сессия соңында Мәжіліс 13 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Парламент 12 заң жобасын қабылдады.

Сонымен қатар, 1 шілде күні Мәжіліс депутаттары халықпен кездесу үшін өңірлерге аттанған. Сапар аясында халық қалаулылары тұрғындармен кездесіп, еңбек ұжымдарын, өндірістік және әлеуметтік салалардағы нысандарды аралады, сондай-ақ азаматтарды ашық қабылдау жұмысын тексерді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу