ҚР Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы Үкіметке сенім білдірді

Бүгін VI шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары палатаның бірінші жалпы отырысында Қазақстан Үкіметіне сенімдерін білдірді.

«Сіздердің сенім білдірулеріңіз - жеке мен үшін және Үкіметтің барлық мүшелері үшін үлкен абырой және жауапкершілік. Біз Мемлекет басшысы бағдарламалық құжаттарда белгілеген стратегиялық мақсаттарға жету бойынша жұмысты жалғастырамыз», - деді ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов халық қалаулыларының алдында сөйлеген сөзінде. 

Министрлер кабинетінің басшысы айтып өткендей, депутаттар мен Үкімет мүшелерінің өзара тиімді жұмысының арқасында «Ұлт жоспары - 100 нақты қадамды» жүзеге асыруға бағытталған бірқатар заңдар жедел түрде қабылданды.

«Қазіргі уақытта әлемдік экономиканың құбылмалы шағында Мемлекет басшысы жаңа, жауапкершілігі жоғары міндеттерді алға қойып отыр және біз оны орындауға дайынбыз. Осыған байланысты, еліміздің Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және сіздерге, құрметті депутаттар, Үкімет Отанымыздың өркендеуіне бағытталған экономикалық саясатты жүзеге асыруға барлық күш-жігерін салатынын сеніммен айтамын», - деп баса айтты ҚР Премьер-Министрі.

«Алғаш рет Мемлекет басшысы маған жоғары сенім білдіріп, Отанымыздың Премьер-Министрі етіп тағайындаған кезінде айтқанымдай, Президентіміздің сенімді көмекшісі болып қалатынымды тағы да айтып өткім келеді. Сенім білдіргеніңізге рахмет!», - деп түйді К.Мәсімов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу