Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамытудың жаңа бағдарламасы еңбек ресурстарының сапасын арттырады - сарапшы

Қазақстан халқы еңбек нарығында жаңа сын-тегеуріндерге тап болуда, бұл еңбек ресурстарының сапасын жақсартуды, мобильділікті арттыруды, өнімсіз жұмыспен қамтылған халық үлесін төмендетуді талап етеді. Қазақстандықтардың нәтижелі жұмыспен қамтылуын дамытудың жаңа бағдарламасы осы сын-тегеуріндердің шешімін табуға үндейді. Осындай пікірімен ҚР ДСӘДМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықов primeminister.kz-ке берген сұхбатында бөлісті.

Д. Арғандықовтың хабарлауынша, соңғы 10 жылда экономикалық белсенді халық үлесі 11%-ға, жаңа жалдамалы жұмыскерлер саны - 1,5 млн-ға артқан, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны азайған. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 47%-ға қысқарған және халықтың экономикалық белсенді санының 4,9%-ын құрайды. Соңғы жылдары ЖҚЖК-2020 шараларымен 700 мыңнан астам адам қамтылған.

«Сонымен қатар еңбек ресурстарының төменгі сапасы мәселе ретінде қалуда. Тек қана негізгі, орта, жалпы немесе бастауыш білімі бар адамдардың үлесі сақталуда. Тағы бір мәселе - демографиялық үйлеспеушіліктер. Болжамдық бағалауға сәйкес, 2050 жылға қарата ел халқының саны 24,5 млн-нан астам адамды құрайды деп жоспарлануда. 2050 жылы солтүстік өңірлердегі халық саны 0,9 млн адамға азаюы мүмкін, ал оңтүстікте – 5 млн-нан астам адамға дейін артады және оңтүстік өңірлердегі халықтың қоныстану тығыздығы солтүстіктен 4 есеге артық болуы мүмкін. Сонымен қатар, бүгінде оңтүстік өңірлерде Алматыны есепке алмағанда халықтың 38%-ы өмір сүреді. Сондай-ақ, өңірлік өнім үлесі бар болғаны 17%-ды құрайды. Ал солтүстік өңірлерде халықтың 29%-на жалпы өңірлік өнімнің 25% келеді. Бұл мұндағы экономиканың жеткілікті түрде әртараптандырылғанын білдіреді, ал оңтүстік туралы айтар болсақ, шамамен 60% сауда мен өзге қызметтерден тұрады. Яғни, еңбек ресурстарының жұмылғыштығы жетіспейтін жерлерде ынталандыру шараларын атқару қажет», - деді Д. Арғандықов.

Ол, сондай-ақ, өнімсіз жұмыспен қамту, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық үлесі әлі де сақталып тұрғанын айтты. Сонымен қоса, біздегі ауылдық елді мекендерде еңбек нарығының сыйымдылығы жеткіліксіз, тығыздық төмен және аумақ көлемі үлкен. Бұның барлығы еңбек нарығы үшін сын-тегеуріндер болып саналады.

«Осыған орай, нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бірінші міндеті – сұранысқа ие кәсіби біліктілікті, дағдыны игерудің тиімді жүйесін құру; жұмыс берушілердің сұранысын ескере отырып мамандарды даярлау. Ауылды жерлерде үлкен көлемде жалдама жұмыс орындарын ашу мүмкін емес екені анық, сол себепті де біз кәсіпкерлік пен шағын несиелендіруді дамыту жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Дегенмен, ЖҚЖК-2020-дан айырмашылығы мұнда қаладаға шараларды ұлғайту көзделген», - деп сөзін толықтырды Д. Арғандықов.

Сонымен қатар, enbek.kz жұмыс іздеу мен қызметкерді іріктеу бойынша интернет-ресурс базасында еңбек нарығындағы Бірыңғай сандық алаңды құру жоспарда бар.

«Еңбек нарығын дамытумен, сандық алаңды құрумен біздің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» тікелей айналысады. Жалпы жұмысқа орналастыру мәселелерімен әкімдіктермен бірлесе отырып ҚР ДСӘДМ айналысады. Барлық жұмыс іздеушілерден немесе жұмыскерлерден осы сайтқа жүгінуді сұраймыз», - деді Д. Арғандықов қазақстандықтарға сөзін бағыттап.

Бағдарламаның басты мақсаты – өнімсіз жұмыспен қамту мен жұмыссыздық деңгейін төмендету. Оқу орындарына түсе алмаған 9-11 сыныптардың түлектеріне дағды жинап, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін тегін қолдау көрсетілетін болады. Осы бағыт бойынша шамамен 21 мыңнан астам адамды оқыту жоспарланған. 26-30 мың адамды қысқа мерзімді курстармен қамтуды жоспарлаудамыз.

Еске сала кетейік, 29 қарашада өткен Үкімет отырысы барысында, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің жаңа бағдарламасы қаралды.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу