ҚР Үкіметі отырысында 2020 жылға дейін жылу желілерін жаңғырту әдістері мақұлданды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында 2014-2020 жылдарға арналған жылу жүйелерін жаңғырту мәселесі қаралып, мақұлданды.

Отырысты ашқан Үкімет басшысы Қарағанды облысына қарасты Көкпекті ауылында осы жылғы 31 наурызда су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су тасқынынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.

С.Ахметовтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің шешімімен аталған оқиғаның себептерін зерделеу үшін ҚР төтенше жағдайлар министрі В.Божко басшылық жасайтын ведомствоаралық комиссия құрылады.

Су тасқыны жөнінде тұтастай алғанда, республика бойынша және нақты осы жағдай туралы баяндаған ТЖ министрі В.Божко судың құйылуы мен тиісінше су қоймасының толуы туралы Көкпекті ауылы тұрғындары құлақтандырылып, оларды көшіру ұйымдастырылып, апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілгенін айтты. Қазір бұдан келген шығындар белгіленуде.

Тасқын суларды гидроқұрылғыларға қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету және жалпы су тасқынына дайындық туралы сондай-ақ ҚОСР министрі Н.Қаппаров, Қарағанды облысының әкімі Б.Әбдішев, Ақмола облысының әкімі Қ.Айтмұхаметов, Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетов баяндады.

Премьер-Министр, барлық деңгейдегі әкімдіктердің назарын су тасқыны жағдайларына аударып, ТЖМ және Қарағанды облысы әкімдігіне бұзылған бөгеттің салдарын жоюды қамтамасыз етуді және жапа шеккендерге қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды. Осыған орай «бірде-бір отбасы назардан тыс қалмауы тиіс»,-деп атап көрсетті С.Ахметов.

Қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне су тасқыны қауіпі жоғары гидроқұрылғылардың жай-күйіне қызыл судың түсімін есепке ала отырып тұрақты мониторинг жүргізу және ТЖМ-ге жедел ақпарат беріп отыру тапсырылды.

Облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері елді-мекендерді, тіршілік жүйелерін қорғауды қамтамасыз ету, гидроқұрылғылар мен бөгеттерді нығайту, сондай-ақ су тасқыны орын алған жағдайда әрекет ету және қауіпсіз жерге көшу туралы ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыру бойынша қосымша шаралар қабылдауы қажет.

Көкпектідегі залал салдарын жою жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ еліміз бойынша су тасқынын жалпы бақылау мен мониторинг Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа жүктелді.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, Экономикалық даму және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Мемлекет басшысы қол қойған, 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңды іске асыру бойынша Үкімет қаулысы жобасын таныстырды.

«Құжат бюджет кодексінің талаптарына сәйкес қалыптастырылды, ол жергілікті атқарушы органдарға берілетін нысаналы трансферттер сомалары бойынша өзгерістерді, сонымен қатар үстіміздегі жылға арналған республикалық басым бюджеттік инвестициялар және 2014 жылға негізделген мемлекеттік тапсырмалар тізбелерінің өзгерістерін ескере отырып жүргізілген нақтылауды қамтиды»,-деді Е.Досаев.

«Жобада қаржыны пайдаланудың тәртіптері бойынша шешім қабылдау қажеттігі туралы бірқатар тапсырмалар қарастырылған»,-деген министр, нақтыланған республикалық бюджет жобасына жалпы сомасы 33,4 млрд. теңге болатын кейінге қалдыру жағдайымен енгізілген құжаттың жедел жүзеге асыруды қажет ететін, аса маңызды тапсырмаларды орындауға бағытталған басым республикалық бюджеттік инвестициялар тізбесін құрайтынын айтты.

Жылу жүйелерін жаңғырту бойынша Жоспарды таныстырған Табиғи монополияларды реттеу агенттігі басшысы Мұрат Оспанов мұны жүзеге асыру жылумен қамту жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

Атап айтқанда, 2020 жылға дейін құралдардың тозуы 15 пайызға төмендеп, 2020 жылға қарай 55,5 пайызды құрайды, ал базалық суъектілер шығыны деңгейі 22,4 пайыздан 18,4 пайызға дейін түсетін болады. М.Оспановтың айтуынша, бұл индикаторлар түйінді тиімділік нәтижелерін көрсететін болады. Оның көмегімен Жоспардың орындалысы бағаланып қана қоймайды, сонымен бірге стратегиялық мақсаттарды іске асыруды қадағалау, жылу жүйелері жұмысы тиімділігін, тұтастай алғанда саланың жағдайына бақылау жасау жүзеге асырылатын болады.

ТМРА басшысы атап өткендей, бірінші кезектегі индикатор шығынды азайту, жылу жүйелері жағдайын жақсарту болып табылады.

Бұл мәселе бойынша Өңірлік даму министрі Б.Жәмішевтің, сондай-ақ Алматы облысының әкімі А,Мұсахановтың, Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетовтің, Алматы қаласы әкімі А.Есімовтің, Атырау облысы әкімі Б.Ізмұхамедовтің есептері тыңдалды.

Талқылауды қортындылай келе, Үкімет басшысы толық деңгейде қаржылық қолдау көрсету, өңірлерді техникалық зерттеулерді, тартылатын инвестицияларды негіздеуді аяқтау қажеттігіне тоқталды. «Соңғы екі құжат ҚР жылу жүйелерін жаңғырту мен жарақтаудың болашақ кешенді жоспарына негіз болуы тиіс»,-деп атап көрсетті С.Ахметов.

Премьер-Министр ТМРА-ға Өңірлік даму министрлігімен, облыстар және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп осы жылдың 1 маусымына дейін жылу жүйелерін жаңғырту бойынша шараларды тәптіштеп пысықтауды және ақпаратты Үкіметке енгізуді тапсырды.

Өңірлік даму министрлігіне ТМРА-мен, мүдделі мемлекеттік органдармен және облыстар әкімдіктерімен бірлесіп осы жылғы 1 шілдеге дейін ТКШ жаңғырту Бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шараларға өзгерістерді Жоспарға енгізу бойынша жұмыстарды жүргізу, тиісті қаулы жобасын Үкіметке енгізу жүктелді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу