25 Шілде 2017, 07:52
2020 жылға қарай Құрық портындағы паром кешенінің транзиттік қуаттылығын ең жоғарғы көрсеткіштерге жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр хабарлады.
Р. Скляр Құрық портының бірінші іске қосу кешені – темір жол паромы – 2016 жылы пайдалануға берілгенін және оның қуаттылығы 4 млн тоннаны құрайтынын атап өтті. Биыл желтоқсан айында аяқталатын екінші кезеңді енгізу жүк автокөліктерінің тасымалын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ тағы қосымша 2 млн тонна өткізу қуаттылығын қосады.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда бірінші кезеңде 70-ке жуық жұмыс орны ашылған, жұмысшылардың жартысынан көбі – жергілікті тұрғындар, екінші кезеңді енгізгеннен кейін нысанда шамамен 250 адам жұмыс істейтін болады, сондай-ақ, негізінен жергілікті мамандарды тарту көзделген.
«Құрық портындағы паром кешенінің өткізу қабілеті 6 млн тоннаны құрайды. Аталған паром кешені өзінің орналасқан жерімен тиімді ерекшеленеді, себебі онда жүктерді, сонымен қатар қауіпті жүктерді ауыстырып тиеу мүмкіндігі бар. Паром кешеніне келетін Боржақты – Ерсай теміржол желісі де үлкен өткізу қабілетін береді, сол себепті де, біз 2020 жылға қарай барлық паром қуаттылығы іс жүзінде 90% пайдаланылатын болады деп есептейміз», - деді Р. Скляр.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу