Қызмет көрсету секторы көрсеткіштер өсімінің оң динамикасын көрсетуде — Р. Дәленов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәселе қаралды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өз баяндамасында қарастырылып отырған кезеңдегі экономика дамуының оң қарқынын атап өтті.

Көрсеткіштердің жоғары өсу трендін атап өтіп, министр құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркәсібі саласын атап өтті. Сондай-ақ қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік жақсаруда, ұзақ мерзімді тауарларға сұраныс қалпына келтірілуде.

«Нақты сектордың өсуі 2%-ға дейін жеделдеді. Қызмет көрсету саласының өсу қарқыны минус 5,9%-ға дейін жақсарды. Соның нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсуі минус 2,8% деңгейінде қалыптасты. Жылдық инфляция 7,3%-ды құрады», — деді Р. Дәленов.

Серпіннің жақсаруының базалық факторлары – өндіруші емес секторларға тартылған инвестициялар, экономиканы кредиттеу, нақты сектордың өсуі және қызметтер саласының жандануы, сондай-ақ экономиканы қолдау бойынша іске асырылып жатқан шаралар.

Тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялар 17,3%-ға өсті. Сондай-ақ, министр инвестициялардың елеулі көлемі тұрғын үй құрылысына, көлік, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде азық-түлік өнімдері, ауыл шаруашылығы салаларына тартылғанын атап өтті.

Экономиканы кредиттеу жыл басымен салыстырғанда 4,2%-ға ұлғайды. Кредиттердің ең жоғары өсуі байланыста, құрылыста, ауыл шаруашылығында және өнеркәсіпте байқалады.

«Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 8,9%-ға ұлғайды, бұл тұтынушылық кредиттердің және жалпы экономиканы кредиттеудің өсуінен жоғары», — деді Р. Дәленов.

Министрдің айтуынша, есепті кезеңде экономиканы қолдау шаралары белсенді жүзеге асырылды. Жұмыс орындарын сақтау және құру үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылуда. Зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды, кредиттер бойынша төлеуді кейінге қалдыру ұсынылды, шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу құралдары едәуір кеңейтілді, кредиттерді жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыру ұсынылуда. Сондай-ақ, Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде салалық қолдау шаралары іске асырылуда.

«Қарашада Халықаралық валюта қорының миссиясы пандемияға қарсы әрекет ету шараларын жоғары бағалады және орнықты өсуді қамтамасыз ету бойынша бастамаларды қолдайды. Өңдеу өнеркәсібі салаларында серпінді өсу сақталуда. Фармацевтика – 39,5%, жеңіл өнеркәсіп – 15,5%, машина жасау – 16,4%, оның ішінде автомобиль жасау – 52,6% деңгейінде жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр», — деді Р. Дәленов.

Қарашаның көрсеткіштері қызмет көрсету секторының жанданғанын көрсетті. Атап айтқанда, министрдің айтуынша, сауда 17,1%-ға, өнер, ойын-сауық және демалыс – 17%-ға, техникалық қызмет – 15,9%-ға, тұру және тамақтану бойынша қызметтер – 10,5%-ға, білім беру – 7,6%-ға, байланыс – 4,5%-ға, техника мен бұйымдарды жөндеу – 3,5%-ға ұлғайды.

Осылайша, қызмет көрсету саласының қалпына келуі жалғасуда. 10 айда сыртқы сауда айналымы $70,5 млрд құрады. Экспорт $39,2 млрд, импорт – $31,3 млрд құрады. Осылайша, $7,9 млрд деңгейінде сауда теңгерімінің оң сальдосы сақталды.

«Өңдеу өнеркәсібінде 3,3% деңгейінде өсім сақталуда. Бұл ретте, тау-кен өндірісі өнеркәсібі 3,4%-ға төмендеді. Соның нәтижесінде, өнеркәсіптің нақты көлем индексі 99,2%-ды құрады», — деді Р. Дәленов.

Өңірлер бөлінісінде өңдеу өнеркәсібі саласында ең жоғары өсім Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында байқалады. Төмендеу 5 өңірде байқалады. Бұл Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.

Негізгі капиталға 10,6 трлн теңге сомасында инвестициялар тартылды. 13 өңірде инвестициялардың өскені байқалды. Оның ішінде ең жоғары көрсеткіштер Түркістан облысында және Шымкент қаласында байқалып отыр. 4 өңірде төмендеу тіркелді. Олар — Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау және Қарағанды облыстары.

Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялар өсуде. Олардың өсуі 17,3%-ды құрады.

Министрдің айтуынша, құрылыс секторы өте жоғары өсімді көрсетіп отыр. Орындалған жұмыстардың көлемі 12,1%-ға өсті. Белсенді құрылыс жұмыстары Түркістан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалады.

«12,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға жоғары», — деді Р. Дәленов.

Өңірлерде 7 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдай келесідей.

5 көрсеткіш бойынша 11 өңірде өсім байқалады. Олар Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары.

«Сауда бойынша жағдай жақсарып келе жатқанын атап өткім келеді. Оң аймаққа 2 өңір шықты. Олар Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары», — деді Р. Дәленов.

Сондай-ақ 3 өңірде 4 көрсеткіш бойынша өсім тіркелді. Бұл орташа деңгей. 3 өңірде 1-2 көрсеткіш бойынша ғана өсім байқалады. Олар Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.

Өз сөзін қорытындылай келе, Р. Дәленов іскерлік белсенділікті қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажет екенін атап өтті:

  1. Өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдалану арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу.

  2. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыста қол жеткізілген өсу қарқынын төмендетпеу.

  3. Жергілікті атқарушы органдардың инвестициялық жобалар пулын сапалы іске асыру.

  4. Дағдарысқа қарсы шаралар бойынша қаражаттың тиімді игерілуін және жыл қорытындысы бойынша өсудің нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету.

  5. Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде тұрақты жұмыс орындарының үлесін ұлғайту.

  6. Қаржы жылын толыққанды аяқтау және экономикаға қаражатты жылдам енгізу үшін келесі жылға арналған рәсімдерді дайындау.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу