ҚР Премьер-Министрі А. Мамин жаңа Түркі Сауда-өнеркәсіптік палатасының жарғысына қол қою рәсіміне қатысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ХІІ Астана экономикалық форумы алаңында өтіп жатқан Түркі іскерлік кеңесінің отырысы аясында Түркі Сауда-өнеркәсіптік палатасының жарғысына қол қою рәсіміне қатысты.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Әзербайжан кәсіпкерлер ұйымдарының ұлттық конфедерациясының президенті М. Мусаев, Қырғызстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті М. Шаршекеев, Түркияның Сауда палаталары мен тауар биржалары одағының президенті Р. Хисарджыклыоғлы қол қойды.

Түркі іскерлік кеңесін халықаралық ұйым ретінде түрлендіру түркі елдерінің арасында экономикалық кооперацияны дамытуға жаңа серпін береді. Бұл іскерлік ынтымақтастықты кеңейтіп, Қазақстан экономикасына инвестициялар ағымын күшейтуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда түркі елдерінің ЖІӨ жалпы көлемі $1 трлн-нан асады, халқының саны 150 млн-нан астам. Бұл елдер жыл сайын $260 млрд-тан астам сомаға өнім импорттайды. Өз кезегінде, бірыңғай палата осы елдер арасындағы өнім өндірісін арттыру үшін негіз болады, яғни ұжымдық импорт алмастырушылықты қамтамасыз етеді.

ҚР Премьер-Министрі Түркі палатасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен өңірлік дамуды нығайту мақсатында құрылғанын атап өтті.

«Қазақстан Үкіметі Түркі кеңесіне оның жұмысы мен дамуында қолдау көрсетіп, көмектесіп отыр. Біздің тарапымыздан Қазақстан Үкіметінің атынан бұл идеяны толық қолдаймыз», — деді А. Мамин, Түркі Сауда-өнеркәсіп палатасын құру елдердің бизнес-қауымдастықтары арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына жаңаша үлкен қарқын беретініне үміт білдіріп.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу