ҚР Әділет министрлігі: Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспары толық көлемде орындалды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспары туралы ҚР әділет министрі Марат Бекетаев баяндады. 

Әділет министрінің айтуынша, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспары бекітілгенде 17 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздеді. Жыл ішінде енгізілген түзетулерді ескере отырып, Жоспар 22 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздейді.

Марат Бекетаев түзетулермен 7 заң жобасы енгізілгенін нақтылады, 2 заң жобасы алып тасталды, 2 заң жобасы бойынша енгізу мерзімдері ауыстырылды.

«Мемлекеттік органдардың заң жобаларын енгізу мерзімдерін ауыстыруы Премьер-Министрі Кеңсесі және Президент Әкімшілігі басшылығымен келісілді. Әзірлеуші органдар Үкіметтің заң жобалау жұмыстары Жоспарының уақытылы орындалуы бойынша, сондай-ақ заң жобалау қызметін тиімді жоспарлау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдағанын атап өткен жөн»,  деді ол. 

Бүгінгі таңда Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспары толық көлемде орындалды, 22 заң жобасының барлығы Парламентке уақытылы енгізілді.

Одан соң министр Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасы туралы баяндады. 

«Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелерімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасын дайындады. Жоспар жобасы Мемлекет басшысы және стратегиялық құжаттарда айқындалған тапсырмалар негізінде қалыптастырылды, онда 25 заң жобасын әзірлеу көзделген» деді министр.

Ол сонымен қатар әзірленуге ұсынылған заң жобалардың ішінен 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламентке 13 заң жобасын, ал екінші жартыжылдығында 12 заң жобасын енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Алдағы жылы «Қоғамдық бақылау туралы», «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы», «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» және «Әскери полиция органдары туралы» жаңа заң жобаларының әзірленуі көзделуде.

Жалпы, әділет министрі өз сөзінде атап өткендей, заң жобалау жұмыстарының жоспарында көзделген заң жобалары Мемлекет басшысы қойған бірінші кезектегі заңнамалық міндеттерді шешуді көздейді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге, сондай-ақ жекелеген салалардағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу