Үкіметте өткен кеңесте Астана құрылысының кешенді жоспары қаралды

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Астана қаласы құрылысының 2019–2023 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Жұмыс кеңесі барысында инженерлік–көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету арқылы Астананың ықшам құрылысы жөніндегі 2019–2023 жылдарға арналған кешенді жоспар қаралды. Атап айтқанда, тұрғын үй, орта білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының құрылысы, сондай-ақ, инженерлік-коммуникациялық және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері, оның ішінде жаңа көлік жүйесінің жобасы (LRT) талқыланды. Бұған қоса, қаланы газдандыру және жылумен, электрмен қамту жүйелерін жаңғырту, қаланы абаттандыру мәселелері мен индустриялық парктердің жұмыстары жеке қаралып өтті.  

Елорданың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, әкімдік Астананың ықшам құрылысы жөніндегі кешенді жоспар жобасын әзірледі. Соңғы 20 жылда қаланың жалпы өңірлік өнімі шамамен 224 есеге өсіп, 5 трлн тг асты (1997 жылы — 25,7 млрд тг), бұл жан басына шаққанда орташа республикалық көрсеткіштен екі есе көп. Инвестициялардың жылдық көлемі 50 есеге артып, 956,9 млрд теңгеге жетті (1997 жылы — 19,3 млрд тг).

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу