К.Мәсімов Нидерланды Корольдігінің Премьер-Министрі М.Рюттемен кездесті

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астанаға ресми сапармен келген Нидерланды Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесу өткізді.


Тараптар екі жақты және көп жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жағдайы мен перспективаларын, Еуропалық Одақ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Үкімет басшылары бірлескен баспасөз конференциясын өткізіп, онда экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіліктерін растады.
 

«Біз түрлі салалардағы, оның ішінде мұнай-газ, инновациялар мен ауыл шаруашылығындағы экономикалық өзара іс-қимыл мәселелерін талқыладық», - деп мәлімдеді К.Мәсімов.

«Нидерландыда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Көлемі бойынша Қазақстаннан 65 есе кішкентай болса да, ЕО-тағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін екінші елсіздер, бұл Қазақстанда өнімділікті арттыруға үлкен мүмкіндіктер береді. Менің ойымша, сіздің осы сапарыңыздың болашақ дамуға маңызы зор және пайдалы болмақ», - деп баса айтты К.Мәсімов М.Рюттеге қарата сөйлеген сөзінде.
 

Өз кезегінде Нидерланды Премьер-Министрі қазақстандық тарапқа қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді.

М.Рютте Қазақстан Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға келісімге жеткен Орталық Азиядағы тұңғыш ел болып табылатындығын айтып өтті.

«Аталған Келісім елдеріміздің арасындағы саяси және экономикалық байланыстарға жаңа сапалы негіз болады деп есептеймін», - деп баса айтты ол.
 

Сондай-ақ, М.Рютте Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларға қолдау білдіретінін айтты.

«Бұл тұрақты экономикалық өсімге негіз болатынына сенімдімін», - деп түйіндеді Нидерланды Премьер-Министрі.

Бұдан өзге, іс-шара аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов пен Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Х.Дриссер осы елдің Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы келісімге қол қойды.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу