К.Мәсімов «Атамекен» ҰКП ІІІ Съезінің жұмысына қатысты

Бейсенбі, 16 маусымда, Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІІІ Съезінің жұмысына қатысты.

Үкімет басшысы Палата жұмысының нәтижелері мен бизнесте кездесетін проблемалы мәселелер туралы мәліметті тыңдады. Кәсіпкерліктің негізгі проблемаларының арасында жеткілікті қаржыландырудың болмауы, айналым қаражатының жетіспеуі, сұраныстың және өнімді өткізу нарықтарының қысқаруы, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан ШОБ субъектілерін тексерулер санын арттыру атап өтілген.

Осыған байланысты К.Мәсімов Қаржы министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірге тексерулер санын азайту бойынша ұсыныстарды қарап, енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ отандық компанияларды дамыту және қолдау мәселесі бойынша қаржы ұйымдары, ірі кәсіпорындар, бейінді комитеттер мен ҰКП облыстық филиалдарының өкілдері сөз сөйледі.

Талқылау қорытындысын түйіндеген Кәрім Мәсімов «Атамекен» палатасы отандық кәсіпкерлердің басын қосқан ұйым ретінде танылғанын және ол арқылы бизнес қауымдастық мемлекеттік органдармен шоғырландырылған түрде диалог жүргізе алатынын атап өтті.

Премьер-Министр іскерлік топтардың жаңа Салық кодексін әзірлеп, енгізу мәселесін бірнеше мәрте көтергенін еске салды.

«Біз Мемлекет басшысына жүгіндік, ол бір жылдың ішінде Салық кодексін кәсіпкерлердің көзқарастарын ескере отырып, пысықтауға рұқсат берді. Бұл Ұлттық палатаның да еңбегі деп ойлаймын», - деп баса айтты К.Мәсімов және серіктестерін осы мәселені одан әрі талқылауға шақырды.

Сондай-ақ К.Мәсімов осы аптада ШОБ-ті және халықты жұмыспен қамтуды қосымша қолдау мақсатында әрекеттегі бағдарламалардың ішінде ресурстарды қайта бөлу туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Бұл ақшалар нақты экономикаға түсіп, ал кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту үздік бағытта жылжуы үшін сәйкес комиссиялардың жұмысына атсалысуларыңызды сұраймын», - деді К.Мәсімов іскерлік топтардың өкілдеріне қарата сөйлеген сөзінде.

Бұдан өзге, К.Мәсімов Мемлекет басшысы жеке тұрғын үй құрылысына арналған инфрақұрылымды дамытуды қолдау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Премьер-Министрдің пікірінше, бұл жалпы еліміз бойынша құрылыс көлемін ұлғайтуға жақсы серпін болады.

Өз сөзінің соңында Кәрім Мәсімов кәсіпкерлерді халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру, еңбек ресурстарының жұмылғыштығы, елді отандық бірінші кезектегі қажетті тауарлармен қамтамасыз ету, шикізат секторына инвестициялар тарту мәселелерін шешуге назар аударуға шақырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу