К.Мәсімов Елбасы тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов селекторлық режимде ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді. Күн тәртібінде 2015 жылдың 18 қарашасында өткен ҚР Үкіметі отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру барысы қаралды.

Министрліктер және ұлттық компаниялар басшылары, облыс әкімдері, бизнес қауымдастық өкілдері «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыру барысы, жекешелендіру және жария ету, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы, инвестицияларды тарту, МЖС дамыту, бюджетті игеру, «Самұрық-Қазына» Қорын трансформациялау, «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңының орындалуы туралы мәлімдеді.

Сондай-ақ, жұмыспен қамтуға көмек көрсету және әлеуметтік маңызды тауар түрлері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге қатысты шаралар жайлы мәлімет тыңдалды. Қаржы жүйесіндегі және ақша-несие саясатындағы ағымдағы жағдай туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.

Үкімет басшысы қазіргі экономикалық жағдайда бюджет қаражатын тиімді пайдалануды бақылау аса маңызды екенін айтып өтті.

«Қазір ақша бәріне жетпейді, экономикалық жағдай түбегейлі өзгеруде. Біз инвестицияланған әр теңгеге тиянақты қарауымыз қажет», - деді К.Мәсімов.

ҚР Премьер-Министрі ИДМ-ге 2016 жылдың 1 наурызына дейін ҮИИДМБ жандандыруды қарастыратын Президент Жарлығының келісілген жобасын Үкіметке енгізуді, өңірлер әкімдеріне индустриялық жобалардың ИИДМБ мақсаттарына сәйкестігіне ревизия жүргізуді тапсырды. Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» АҚ МӨЗ жаңғыртудың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс.

Инвестиция тарту мәселелері бойынша үйлестірудің жоқтығына тоқталған К.Мәсімов «Мемлекет басшысы өзінің шетелдердегі кездесулері барысында Қазақстанға қажетті жақсы жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер өткізіп, инвесторлар Қазақстанға қызығушылық танытады. Содан кейін, де-факто инвестор кімге жүгіну керектігін білмейді, ал елге келгенде соңын таба алмайтынын» айтып өтті.

«Осылайша, өзімізді ыңғайсыз жағдайға қалдырамыз. Айқындылық пен нақтылық болуы тиіс. Президент бізден нақты ұсыныстар күтеді», - деген К.Мәсімов бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевқа осы аптада аталған мәселе бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

Отырыс қорытындысы бойынша К.Мәсімов барлық мемлекеттік органдарға және облыс әкімдіктеріне Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз және уақытылы орындауын тапсырды. Премьер-Министрдің орынбасарлары Бақытжан Сағынтаев пен Дариға Назарбаеваға өз бағыттары бойынша оларды жүзеге асыруды бақылау тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу