К.Мәсімов халықты түйнемеден сенімді қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды

Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қарағанды облысында түйнеме ауруының таралуына байланысты жағдайды күнделікті назарында ұстап отырады.

Бүгін ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары - ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин кезекті баяндама барысында «соңғы тәулікте халық арасында ауру жұқтырудың жаңа жағдайы тіркелмегенін» мәлімдеді.

Сонымен қатар, арнайы штаб жұмыс істеуде, ауылда карантин жарияланды. «Аталған елді мекеннен мал мен өнімнің сыртқа шығуына тыйым салынды. Жағдай бақылауда, барлық үй-жай, байланыс анықталды, химиялық алдын алу, антибиотиктерапия жүргізілуде», - деп сендірді ҚР бас санитарлық дәрігері.

Баяндаманың қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов Ұлттық экономика министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті органдармен бірлесіп, инфекцияның таралуынан халықты қорғау бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

«Біріншіден, індет одан әрі таралмау үшін адамдарды қорғауды қамтамасыз ету қажет. Екінші міндет - елде мұндай жағдай болмас үшін шаралар кешені қажет. Бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауға жеке тапсырма беремін», - деді К.Мәсімов.

Премьер-Министр келесі аптада жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып, жағдаймен танысатынын атап өтті. Осы мәселеге орай арнайы мәжіліс өткізіледі.

Еске салсақ, 19-22 маусым аралығында Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында тоғыз адам түйнеме жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған болатын, олардың екеуі қайтыс болды. Бұл індетті жұқтыруға тиісті талаптармен сойылмаған ауру мал себеп болды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу