Қазір машина жасау саласын мемлекеттік қолдаудың 100-ге жуық іс-шарасы қарастырылған — М. Пішембаев

Машина жасау экономиканы индустрияландырудың ажырамас бөлігі және мемлекеттің маңызды саласы. Саланың өндірісті кеңейту және экспортты ұлғайту үшін елеулі әлеуеті бар. Бүгінде мемлекет отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіруде. Саланы қолдау шаралары туралы PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев толығырақ айтып берді.

М. Пішембаев атап өткендей, мемлекет машина жасау саласына қолдау көрсетеді. Бүгінде 100-ге жуық мемлекеттік қолдау шаралары бар. Қолдау нәтижелері машина жасаудың бүгінгі қарқынды дамуы, өндіріс көлемінің өсуі, өнімнің жаңа түрлерін игеру, саланың жаңа түрлерінің пайда болуы, жаңа вагондар құрастыру мүмкіндігі және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту арқылы айқын көрініс беруде.

«Қолдаудың маңызды шараларының бірі 2010 жылы еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу болды.  Бұл біздің өнеркәсіпті, соның ішінде машина жасауды дамытудың іргетасына және әлеуетіне айналды. Бүгінде мемлекет ҮИИД МБ-2 қабылдады. Біз үшінші индустриялық бағдарламаны іске асыруға кірістік», — деді Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы.

Бұдан басқа, қолдаудың басқа да шаралары бар, олар — Машина жасауды дамытудың жол картасы, Кәсіпорындарды жаңғыртудың жол картасы. Осындай бағдарламалар есебінен жұмыс істеп тұрған көптеген кәсіпорындар жаңғыртылды және олардың бүгінде бәсекеге қабілетті өнім шығаруға және экспортқа жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қолдау қаржылық қолдау көрсету арқылы жүзеге асырылады. Бұл — жеңілдікті несие, лизинг, грант ұсыну, шығындарды өтеу.

Еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шаралар шеңберінде «QazIndustry» АҚ келесі бағыттар бойынша 40% мөлшерінде шығындарды өтейді:

● технологиялық процестерді жетілдіру, максималды өтеу сомасы 60 млн теңге;

● өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыру максималды өтеу сомасы 60 млн теңге.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ ағымдағы қызметті несиелендіру, аралық және мезониндік қаржыландыру, лизингтік мәмілелерді қаржыландыру, сондай-ақ кепілдіктер беру бойынша қызметтер көрсетеді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ несие беру, субсидиялау және несиелерге кепілдік беру түрінде қолдау көрсетеді.

Кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды аспектілерінің бірі қолжетімді отандық шикізатпен, материалдармен және құрауыштармен қамтамасыз ету болып отыр.

М. Пішембаевтың айтуынша, машина жасау кәсіпорындары көбінесе шикізат импортына тәуелді, бұл өнім өндірісіне белгілі бір қауіп төндіреді.

«Бүгінде отандық машина жасаушылар шикізатты негізінен шетелден сатып алуға мәжбүр. Жыл сайын біз машина жабдықтарын өндіру үшін 240 мың тонна шойын мен құйма, 467 мың тонна шыңдалған және дайындалған, қоспаланған және қоспаланбаған болат сатып аламыз. Шикізат бәсекелестік бағаны қалыптастыру кезінде, әсіресе, экспортқа шығаруда және ішкі сұранысты қамтамасыз етуде өте маңызды», — деді Мейрам Пішембаев.

Бұл мәселе ел Президентінің қыркүйек айындағы Жолдауында ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын іске асыру мақсатында базалық өндірістер құру ұсынылады. Қазақстанда құйма және қақталған дайындамаларды өндіруде тәжірибесі бар, сондай-ақ оны дамыту мен жаңғыртуға мүдделі бірқатар кәсіпорын бар.

Бұл мәселені шешу үшін құрылған Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы ұзақ, арзан ақша түрінде  немесе Қазына Капитал менеджментінің капиталына уақытша кіру арқылы мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын ұсынған жөн.

Осы жобаларды іске асыру түпкілікті өнім түрлерін игеру үшін машина жасау негізін нығайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және одан әрі экспортқа көшуге мүмкіндік береді.

М. Пішембаев Салық кодексінде көзделген мемлекеттік қолдау шаралары да бар екенін атап өтті. Ағымдағы жылы өзгерістер енгізілді, автоөнеркәсіпте, ауыл шаруашылығы машинасын жасауда өзінің оқшаулауын ұлғайтатын кәсіпорындар үшін ҚҚС-тан, кедендік баждардан босату үшін жағдайлар жасалды.

«Қазақстандық қамтуды жергіліктендіруді арттыру үшін елімізде қосалқы бөлшектерді, тораптарды, агрегаттарды көбірек шығару қажет. Бұл үшін тізбек бойынша мәселелер бар — жабдықтар, шикізат сатып алу, Қазақстанға әкелу кезінде жабдықтар мен станоктарды ҚҚС-тан, кедендік баждардан босату. Бұл тізбек іске қосылды және мемлекет бизнеспен бірлесіп қабылдап жатқан осы шаралардың барлығы біздің кәсіпорындарымызды жаңғырту үдерістерін өсіруге және жандандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Келесі қадам шығарылатын өнімнің экспорты мен сапасын арттыру болмақ», — деді М. Пішембаев.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу