Қазақстанда 4 422 мектеп 8 Мбит-тан жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету тапсырылды. Б. Мусин атап өткендей, бүгінгі таңда 118 қала мен 4 273 ауыл 3G және 4G технологиясын қолдана отырып, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Қалалар мен ірі елді мекендерде «оптикалық» байланыс қолданылады. Жыл соңына дейін 928 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Оның 97-сі — қыркүйекке дейін.

«Бүгінде 4 422 мектеп 8 Мбит жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Тағы 1 086 мектептің интернетті осы деңгейге көтеруге техникалық мүмкіндігі бар. Ол үшін әкімдіктер тиісті қаражатты қарастыруы қажет», — деді Б. Мусин.

Сондай-ақ қамту аймағын кеңейту және интернетке қосылу жылдамдығын арттыру мәселесін шешу үшін осы жылдың наурыз айынан бастап 306 базалық станция салынды және оның 1 802-сі жаңғыртылды. 105 мыңнан астам жаңа үй сымды интернетке қосылған.

Сонымен қатар Б. Мусин интернет сапасын жақсартудың қосымша шаралары туралы баяндады. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында радиожиілік спектрі талданды, оның негізінде қосымша антенна-діңгек құрылыстарын орнату қажет болатын нақты орындар анықталды.

«Біз сізден әкімдіктерге жер телімдерін бөлуге және онда электр энергиясын өткізуге көмек көрсетуді тапсыруыңызды сұраймыз. Содан кейін біз әкімдіктермен бірлесіп, антенна-діңгек құрылыстарын тұрғызатын жеке инвесторды табуға дайынбыз, соның нәтижесінде сигналдары әлсіз аймақтар мәселесін осылай шешеміз», — деді Б. Мусин.

Оның айтуынша, мұндай жұмысты барлық жерде жүргізу қажет. Бұдан өзге Б. Мусин жылжымалы өлшеу кешендерімен, автомобильдермен және тасымалданатын өлшеу аспаптарымен жабдықтау үшін қосымша қаражат бөлу қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар енді білім беру платформалары жергілікті жерлерде Қазақтелекомның деректерді өңдеу орталықтарында орналасатыны аталып өтті. Бұған дейін бәрі орталықтандырылған болатын және бұл бір жерде интернет-трафиктің жиналуының белгілі бір қиындықтарын тудырды. Бұл шешім өңірлер бойынша білім беру ресурстарын жергіліктендіруге мүмкіндік береді. Тиісінше, бұл интернетке жүктемені азайтады. Бұдан өзге бұл шешім бейне конференция байланысы функциясын пайдалану мүмкіндігіне ықпал ететін болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу