Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады

Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» пандемиямен күрес кезіндегі қызметі жайында баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Ахметжан Есімов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қордың биылғы наурыз айында дәрігерлерге, полиция және әлеуметтік сала қызметкерлері үшін 6 миллион бетперде алуға қаржы бөлгенін айтты.

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Президентке компанияның Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе атқарған жұмыстары туралы мәлімет берді. Бірлескен іс-әрекеттің нәтижесінде қор қаржысына 100 жедел-жәрдем көлігі, 1000 оттегі концентраторы, 50 өкпені жасанды желдету аппараты, 1000 ипульстік оксиметр және 3000 вирусқа қарсы «Авифарир» дәрісі сатып алынған.

Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қордың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында салынатын жұқпалы аурулардың алдын алу және бақылау бойынша емханалардың құрылысына қаржы бөлінетінін жеткізді.

Қор төрағасы Президентке Ресеймен бірлесіп қолға алынған коронавирусқа қарсы вакцина өндіру жоспары жайында айтты.

Кездесуде «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың қазіргі жағдайы да талқыланды. Ахметжан Есімов биыл Үкіметке 120 миллиард теңге көлемінде дивиденд төленетінін, мұның 2017 жылмен салыстырғанда он есе көп екенін айтты. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорға 50 миллиард теңге қаржыны мерзімінен бұрын аударған болатын.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу