Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбанмен келіссөздер өткізді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшылары екіжақты ынтымақтастық, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде келіссөздер жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің өзара сенімге негізделгенін атап өтіп, Мажарстанның Премьер-Министрі өзінің Қазақстан Президенті ретінде қабылдап отырған алғашқы еуропалық басшы екенін айтты.

«Қазақстан мен Мажарстанды ортақ құндылықтар мен тарихи тамыр біріктіретінін білесіз. Мен Сыртқы істер министрі лауазымын атқарған кезден бастап екіжақты қатынастарымыздың қалыптасуына куә болдым. Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанның елшілігі ашылған тұңғыш ел болғаны үшін Мажарстанға ерекше ризашылығымызды білдіреміз», — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатында Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастыра беретінін, еліміздің Мажарстанмен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Мажарстанның Еуропалық Одаққа мүшелігіне 15 жыл және Солтүстік Атлант Шарты ұйымына кіргеніне 20 жыл толуына орай құттықтады. Қазақстан Президенті Будапешттің халықаралық аренадағы беделінің артуы және мажар экономикасының тұрақты өсуі қазіргі үкімет саясатының тиімділігін көрсететінін айтты.

Тараптар сындарлы диалог пен өзара жемісті іс-қимылдар екі ел халықтарының игілігі үшін ұзақ мерзімді негізде жалғаса беретініне сенім білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу