Қарағанды облысында Е. Тоғжановқа отбасыларды қолдаудың әлеуметтік бастамалары таныстырылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Халықтың табысын арттыру бағдарламасы» аясында Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында Теміртау қаласындағы «Кішкентай таланттар академиясы» балабақшасында және Қарағанды қаласындағы «Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығында болды.

Өңірде өскелең ұрпақтың дамуына үлкен көңіл бөлініп, көп балалы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетілуде. 2021 жылы Теміртауда 320 орындық балаларға арналған «Кішкентай таланттар академиясы» жеке мекемесі ашылды.

Жобаның бастамашысы – «Имсталькон» компаниялар тобы. Бұл мектеп жасына дейінгі балалар арасында балабақшаға орын жетіспеу проблемасын шешуге мүмкіндік берді, ал мемлекеттік тапсырыстың арқасында баға ата-аналар үшін қолжетімді болды.

Балабақша мектепке дейінгі білім берудің заманауи жабдықтарымен қамтылған. «Кішкентай таланттар академиясында» қазақ және орыс тілінде оқытатын топтар жұмыс істейді. Ағылшын тілін де оқыту қарастырылған. Кішкентай академиктер үшін шеберлік сабақтары мен музыкалық дәрістер өткізіледі. Бірнеше топ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған.

Балабақша аумағында гүлзарлар мен көгалдар, 50 жеміс ағашы отырғызылған (алма, шие, алмұрт, қара өрік) бақ бар. Сондай-ақ үлкен ойын кешені және футбол алаңы бар. Спорт залында болашақ чемпиондардың жаттығуы үшін мүмкіндіктер қарастырылған.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов «Шаңырақ» көпбалалы аналарды қолдау орталығында болып қайтты. Вице-премьермен кездесуде ұйым директоры Ләззат Қожахметова әйелдердің мұнда тегін заңгерлік және психологиялық кеңес алатынын атап өтті. Көмекке мұқтаж әйелдерге денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру мәселелерін қоса алғанда, көптеген әлеуметтік көмек көрсетіледі. «Шаңырақ» қызметкерлері оларға кеңес беріп қана қоймай, проблемалардың ненізгі себептерін талдайды, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды Үкіметке жолдайды.

Сондай-ақ орталық әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын да қолдайды, бизнес-жоспарларды әзірлеуге және сүйемелдеуге жәрдемдеседі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу