И.Тасмағамбетов Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық бойынша кеңес өткізді

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов министрліктер мен ведомстволар басшыларының қатысуымен кезекті жұмыс кеңесін өткізді.

«Біздің еліміз үшін Тәуелсіздік айрықша маңызға ие. Бұл мерейтой ерекше мереке ретінде Тұңғыш Президентіміздің жаңа Қазақстанның қалыптасуына қосқан қомақты үлесін көрсетеді. Кез-келген мерейтойлық кезең – бұл өткен жолымызды саралап, болашағымызды бағамдауға берілген үлкен мүмкіндік», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.

Вице-премьер атап өткендей, бүгінгі күні ел Үкіметімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Өңірлердегі және қалалардағы барлық деңгейдегі басшылар осы жоспардың әрбір тармағын жүзеге асыру бойынша тиісті тапсырмаларды алды.

Аталған кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары әлеуметтік саланың бірқатар өзекті мәселелеріне тоқталды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымды бағыттарын айта келе, вице-премьер білім және ғылым, медицина, мәдениет пен спорт саласын дамытуға күш жұмылдырудағы маңызды міндеттерді шешу қажеттігіне тоқталды. Сонымен бірге, Тасмағамбетов кәсіптік және техникалық білім жүйесінің беделін көтеруге назар аударды.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ендіру мәселесі де байыпты жұмысты қажет етеді.

Кеңесте елдегі рухани-идеологиялық қалыптасу мәселесі, мемлекеттік ақпарат саясатының жаңа бағдары мен «Мәдени мұра» бағдарламасын ұстану мәселесі кеңінен талқыланды.

Вице-премьер жұмыс кеңесін қорытындылай келе, қарастырылған мәселелердің тез арада орындалуы тиіс тапсырмалардың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу