Су тасқынына қарсы шараларды іске асыру сыни межелерден ойдағыдай өтуге мүмкіндік берді — ҚР ІІМ

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елдегі су тасқыны қатерінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы айтып берді.

«Өткен кезеңде су тасқыны бойынша жағдай биыл Жол картасын («2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жоюдың кешенді шаралары») іске асырудың арқасында ойдағыдай өтті, бұл шаралар 2020 жылы аяқталады. Бұл - су тасқыны кезеңіндегі жергілікті атқарушы органдардың профилактикалық жұмыстары. Қарағанды, Ақмола облыстарында ауқымды жұмыстар атқарылды, кейбір аудандарда орын алған сыни межелер (еск. - жүргізілген жұмыстар) бізге оны ойдағыдай өткеруге мүмкіндік берді, кейбір жекеменшік аумақтар су астында қалған болатын. Арнайы қызметтер шұғыл шаралар қабылдады», — деді ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ю. Ильин.

 

25 сәуірдегі жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бақылауға алынған, онда 21 сәуірде Есіл өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан «Челябинск-Новосибирск» республикалық маңызы бар автожолының жол төсемі арқылы су жүрді. Заречный кентіндегі (Петропавл қаласының аумағында) тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Павлодар облысы да Шүлбі су қоймасынан жоспарлы су ағызылуына байланысты бақылауда тұр.

«Павлодар облысында Ертіс өзенінің бойында орналасқан елді мекендерді су басуға жол бермеу мақсатында қолда бар қорғаныс құрылыстары мен үйінділерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді, бақылау бекеттері орнатылды, су басуы ықтимал аймаққа кіретін 9 елді мекен анықталды, тұрғындар хабардар етілді», — деп ақпараттандырды Ю. Ильин.

Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда, биыл су тасқыны жағдайы тұрақты, қандай да бір қиындықтарсыз өтті, тек наурыз айының соңы мен сәуір айының басында Ақмола облысында ғана тұрақсыз жағдай орын алған еді.

Жедел түрде осы үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру бойынша іс-шаралар жүргізілді, су сорып шығарылды. Қираған және апатты жағдайда тұрған үйлер тіркелген жоқ.

«Жалпы жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ бөлімшелерінің және басқа да бірқатар министрліктердің жүргізген жұмыстарының арқасында су тасқыны бойынша жағдай өткен жылмен салыстырғанда аз шығынмен өтіп жатыр, яғни су басып қалған немесе ауқымды материалдық зардап шеккен үлкен аумақтар, елді мекендер жоқ. Жалпы, бүгінгі таңда ел бойынша су тасқынына қатысты жағдай тұрақты», — деді ҚР ІІМ министрінің орынбасары.

Айта кетейік, су тасқыны кезеңі басталғанға дейін және оның өту кезеңінде ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп елді мекендерді су басуға жол бермеу бойынша шаралар кешенін орындады. 11 мың шақырым арықтар мен арналарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Елді мекендерден 12 млн текше метр қар шығарылды. Автомобиль жолдарында 33 мың, теміржол жолдарда 7 мың су өткізу құрылыстары тазартылды. Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін 10 мың тонна жанар-жағармай, 281 мың тонна инертті материал, 1 млн қап және 40 тонна жарылғыш заттар қоры дайындалды.

Су тасқынына қарсы шараларды іске асыру сыни межелерден ойдағыдай өтуге мүмкіндік берді — ҚР ІІМ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу