И. Тасмағамбетов балалар үйлері тәрбиеленушілерінің санын азайту бойынша жұмысты белсенді жүргізуді тапсырды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен балалар үйлері тәрбиеленушілерінің санын азайту жөнінде мәжіліс өтті.

Аталған кеңеске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева, ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, сондай-ақ, орталық атқарушы органдардың, үкіметтік емес және коммерциялық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мәжіліс барысында жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың және өз отбасына бала асырап алуға ниет білдірген тұлғалардың ақпараттық мәліметтер базасын құру мәселесі көтерілді.

«Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарға балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқандардың санын азайту туралы тапсырма берген болатын. Бұл бағытта мемлекеттік органдар тарапынан жоспарлы және дәйекті жұмыс жүргізілуде. Балаларды отбасына орналастырудың баламалы формалары көбейіп, асырап алу, қамқорлыққа алу, патронаттан өзге, 2017 жылдан бастап қабылдау және қонақжай отбасылар формасы енеді. Бұлардың барлығы мемлекет тарапынан материалдық қолдауға ие болады», - деді мәжіліс барысында И. Тасмағамбетов.

Сонымен қатар, ол бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйым өкілдері тартылатынын айтты. Олар заңнама аясында қоғамдық ұйым ретінде балалар үйлерінің қызметкерлерін оқыту, тәрбиеленушілердің арасындағы сырқаттарды анықтау және тағы басқа жұмыстарды жүргізеді. Вице-премьер осындай ұйымдардың бірі ретінде «Бала асырап алуды қолдау орталығы» жобасын іске асырушы «Ана үйі» қоғамдық қорын ерекше атады.

Талқылау барысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бала асырап алудың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айынан бері жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың және өз отбасына бала асырап алуға ниет білдірген тұлғалардың Республикалық мәліметтер банкі қалыптасқанын айтты.

Соңғы мәліметтер бойынша жыл сайын алты мыңнан аса бала Жасөспірімдерді бейімдеу орталықтары арқылы асырап алуға, қамқорлыққа және патронаттық тәрбиеге беріледі. Сонымен қатар, туған ата-аналарына қайтарылады немесе жетімдер мен ата-анасының қорғауынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге жіберіледі. Сондай-ақ, жаңа туған нәрестелердің ата-анасы анықталмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдардың қорғаншы және қамқоршы органдары сәбилерді бірден отбасыларына тәрбиеге бере алады.

«Барлық құзырлы мемлекеттік органдар балаларды асырап алуға, патронаттық тәрбиеге және отбасыларына беру арқылы жетім балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің санын қысқарту үшін белсенді жұмыс жүргізуі қажет», - деп түйіндеді вице-премьер И. Тасмағамбетов.

Сонымен қатар, мәжіліс қорытындысында вице-премьер жауапты құрылымдарға Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жетім балаларды қазақстандық азаматтардың отбасына тәрбиелеуге беруде үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы бөлігінде заңанаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу