Ералы Тоғжанов Қарағанды облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысымен танысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметімен танысты. Жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту, кадрлар даярлау мәселелері басты назарда болды.

Қарағанды облысында жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіп үлесі басым. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірде 1,3 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға жоғары. Оның 80%-ға жуығы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Теміртауда Вице-Премьер «Имсталькон» және «ҚазАрматура» компанияларына барды. Кәсіпорындар ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етеді. 

«Имсталькон-Теміртауда» 700-ге жуық адам еңбек етеді. Жұмысқа жас мамандар шақырылып, тәлімгерлер оларға еңбек ұжымына сіңісуге көмек көрсуде. Бұл мекеме «Ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Ірі тапсырыс берушілердің бірі – «АрселорМиттал Теміртау». «Имсталькон-Теміртау» аталған компания нысандарын күрделі жөндеу мен қайта құруға қатысады, жобалау қызметімен, жабдықтарды монтаждаумен және басқа да жұмыстармен айналысады. 

«ҚазАрматура» зауыты энергетика, мұнай және газ өндіру, металлургия мен химия өнеркәсібі үшін жабдықтар шығарады. Жоба Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Кәсіпорын жоғары білікті мамандар қызмет көрсететін жаңғыртылған өндірістік станоктармен жабдықталған. 

Бұдан кейін Ералы Тоғжанов «Борусан Макина Қазақстан» ЖК ЖШС-нің ауыр техникаға қызмет көрсету жөніндегі сервистік орталығына, Қарағанды құю-машина жасау зауытына, «Ютария ltd» тігін фабрикасына барды. Вице-Премьер өндірісті жаңғырту барысы туралы баяндама тыңдады, бұл жұмыс жүктемесін арттыруға және кірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Мысалы, «Борусан Макина Қазақстан» сервистік орталығы ауыр техникаға қызмет көрсетеді. Мұнда 290 адам еңбек етуде. Бұл кәсіпорынның жұмысы импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік берді. Премьер-Министрдің орынбасарына қозғалтқыштар, турбокомпрессорлар, гидротрансформаторлар және т.б. жөнделетін құрастыру цехы таныстырылды. Цехта 28 жұмыс аймағы, компоненттерді тестілеу бөлмелері бар.

Ауқымды жаңғырту нәтижесінде Қарағанды құю-машина жасау зауыты елдегі өндірісті цифрландыру көшбасшыларының біріне айналды. Кәсіпорында 825 адам жұмыс істейді. Жастарды қабылдау үшін компания жергілікті колледждермен ынтымақтастық орнатқан.

«Ютария ltd» тігін фабрикасы 250-ден астам әйелдің тұрақты жұмысы мен табысын қамтамасыз етеді. Өнімділікті арттыру үшін мұнда заманауи өнеркәсіп жабдығы қолданылады, үлгілер мен макеттерді автоматтандырылған шаблон бойынша жобалау жүйесі енгізілді. Кәсіпорында мамандарды оқыту орталығы жұмыс істейді.

Ералы Тоғжановқа бұл компаниялардың әрқайсысы қызметкерлерінің жалақысын 20-дан 30%-ға дейін көтергені мәлім етілді.

Сондай-ақ Вице-Премьер «Қолғанат-Қарағанды» тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Асхат Есентұровтың айтуынша, кәсіпорында 45 адам еңбек етеді, ал ұжымның жартысынан көбі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Өткен жылы компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі облыстық «Парыз» байқауында жеңіске жетті. Биылдан бастап ол әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енді. 

Сонымен қатар Вице-Премьер қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде болды. Ұйымдастырушылар шараға 50-ден астам жұмыс беруші мен жеті оқу орталығы қатысатынын хабарлады. Жалпы екі мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Ералы Тоғжанов Қарағанды жоғары политехникалық колледжіне де барды. Премьер-Министрдің орынбасарына дуальды оқыту бойынша әлеуметтік әріптестермен бірге жұмысшы кадрларды даярлау жөнінде айтылды. Ол «ZhasMaman» құзыреттілік орталығының қызметімен танысты. Колледж түлектерімен кездесуде жұмысқа орналасу және жастар кәсіпкерлігі мәселелері талқыланды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу