Елбасының төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Жиында пандемия кезінде отандық өндірушілерді қолдау шаралары және «Самұрық-Қазына» қорын инвестициялық холдингке айналдыру мәселесі қаралды. Бұл туралы Тұңғыш Президент – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

«Біздің бүгінгі жиынымыз күрделі кезеңде өтіп отыр. Алпауыт елдер арасындағы бәсекелестік пен текетірес күшейіп барады. Қазақстан экономикасына үлкен салмақ түсуде. Сонымен бірге бұл жаңа экономикалық модель қалыптастыру үшін қажетті реформалар жүргізу мүмкіндігі», — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорды қайта құру мәселесін талқылау барысында тиімсіз инвестицияларды қысқартып, табысы жоғары инвестицияларға ауыстырудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз негізгі мақсаттарды Қордың 2028 жылға дейінгі жаңартылған даму стратегиясында айқындадық. Ең бастысы – таяу мерзімде «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын жаңа форматқа көшіріп, жетекші тәуелсіз әл-ауқат қорлары сияқты инвестхолдинге айналдыру. Бізге Қордың портфеліндегі активтерді географиясы мен саласына қарай әртараптандыру керек. Тиімсіз инвестициялардан арылып, оларды барынша табыс әкелетін инвестицияға ауыстыру қажет. Бұл дивидендтердің өсуі есебінен бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті дағдарыс жағдайында Үкімет отандық бизнесті қорғау үшін теңдессіз шаралар қабылдағанын атап өтті.

«Төтенше жағдай кезеңінде халық пен бизнесті қолдау, экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін дағдарысқа қарсы шаралардың үш бірдей топтамасы қабылданды. Бірақ пандемия бәсеңдер емес. Оның екінші кезеңі болжануда. Мұндай күрделі жағдайда бұған дейін атап өткендей, отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажет», — деді Елбасы.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы А.Есімовтің ақпаратын тыңдай келе, Нұрсұлтан Назарбаев бизнес белсенділіктің күрт төмендеуі жағдайында квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік тапсырыстары мен сатып алулары өндірістік кәсіпорындарға және кәсіпкерлерге көмек көрсетудің тиімді шарасына айналғанын атап өтті.

«2018-2020 жылдар аралығында Қордың сатып алуының 93 пайызы, яғни жалпы соммасы бір триллион теңгеден асатын 4200 позиция бәсекелестік ортаға берілді. 23 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілер сатып алуға тікелей қол жеткізді. Осы кезеңде бір көзден сатып алу 60 пайызға азайған. Нәтижесінде 400 миллиард теңгеден астам қаржы үнемделді. Осы жұмысты жалғастыру керек», — деді Қорды басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы.

Кеңес барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы және «Эйр Астана» акционерлік қоғамы басшыларының есептері тыңдалды.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті кәсіпорындардың тұралап қалуына және жұмысшылардың қысқартылуына жол бермей, оң қарқын сақтап қалуға әсер еткен Қордың жаңа даму стратегиясының тиімділігін атап өтті.

«Стратегиялық маңызды салаларда барлық кәсіпорынның әлеуметтік тұрақтылығын сақтау, жұмысшыларға қамқорлық таныту және тұрақты қызметін қамтамасыз ету қажет. Өндірістік персоналды барынша қорғауымыз керек. Бұл  300 мың адам және 340-тан астам кәсіпорынды қамтиды. Импортқа тәуелділікті азайту үшін де біраз шаруа атқарылды. Қордың үлгісінде отандық бизнеске белсенді қолдау көрсетуді үйрендік», — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған өзгерістер тәуелсіз қорларды дамытудың әлемдік тәжірибесіне сәйкес келетінін атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қордың даму стратегиясын іске асыру бойынша «Самұрық-Қазына» басшылығының қызметіне оң баға берді.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері Қорды инвестициялық холдингке айналдырудың тұжырымдамасын мақұлдады. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасына пандемия кезінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыруды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу