Бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік қаржы тиімділігін арттырудың жол картасы Парламент пен Есеп комитетінің ұсынымдарына сәйкес әзірленді — Ә. Смайылов

ҚР Үкіметінің отырысы барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов 2019 жылғы 15 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру шаралары туралы баяндады.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар жоспары әзірленді. Жыл соңына дейін Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленетін болады. Онда мемлекеттік аппаратты онтайландыру, кадрлық жоспарлау және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелері көрініс табады.

Бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік қаржыны пайдалану тиімділігін арттырудың жүйелі мәселелерін шешу үшін Парламент пен Есеп комитетінің ұсынымдары бойынша тиісті Жол картасы бекітілді.

Ә. Смайыловтың айтуынша, осы жылы стратегиялық жоспарлардың рөлін арттыру бөлігінде нормативтік негіз дайындау жоспарланып отыр Оларды қарау кезінде, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері саланы және тұтастай елдің одан әрі дамуына әсер ететін нысаналы индикаторларға қол жеткізу тұрғысынан қаражат бөлу қажеттілігін дәлелдейтін болады.

ҚР ҰЭМ жанынан мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудың негізділігін қарау жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылатын болады. Жаңа мемлекеттік бағдарламаларды бекіту кезінде бөлінетін лимиттер шеңберінде мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларына ғана қолдау ұсынылады.

«Бюджет қаражатының тиімділігін арттыру мақсатында бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде ең алдымен әлеуметтік-экономикалық әсері ескеріледі», — деді Ә. Смайылов.

Жақын арада Жол картасын әзірлеу аяқталады және республикалық және жергілікті бюджеттер құрамында осы шығыстарды оңтайландыру бойынша қажетті іс-қимылдар алгоритмі анықталатын болады.

Сондай-ақ, көрмелер, конференциялар және дөңгелек үстелдер өткізуге арналған шығыстарға талдау жүргізілуде. Өткізілген мемлекеттік сатып алу мониторингінің нәтижелері бойынша имидждік іс-шараларға сатып алудың ең көп сомасы жергілікті бюджеттерге тиесілі болды.

Бюджет процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін, әрбір тұрғынға жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндік беру үшін 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласының «Сарыарқа» ауданының әкімдігі «қатысу бюджеті» пилоттық жобасын енгізді.

Азаматтар сомасы 500 млн теңгеге бюджетті бөледі. Бұл қағидатты Алматы қаласында да енгізу жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша жергілікті деңгейде «халықтық қатысу бюджеттерін» енгізу бойынша ұсыныстар енгізілетін болады.

Мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының шығыстарын қысқарту және қаражатын үнемдеу бойынша ревизия жүргізіледі. Талдау қорытындылары бойынша 402 млрд теңгеге 173 мемлекеттік тапсырманың ішінен жұмыстар мен қызметтер тізбесінен жалпы сомасы 38 млрд теңгеге 68 тапсырманы мемлекеттік сатып алуға ауыстыру жолымен алып тастау ұсынылады.

Инвестициялық жобаларға бөлінетін бюджеттік шығыстар 1,4 трлн теңгені құрады.  Осы қаражатты ұтымды пайдалану үшін үлгілік жобаларды міндетті түрде пайдалана отырып, құрылыс кезінде Жобалардың бірыңғай банкін құру ұсынылады. Бұл жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге арналған шығыстарды 30%-ға дейін немесе 12,6 млрд теңгеге, ал құрылыс мерзімін 6-дан 9 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру өнім берушілердің біліктілігін арттыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру моделін енгізу, интернет-дүкендер арқылы сатып алу тәсілдерін енгізу және негіздемелік келісімдерді қолдану пысықталуда.

Есеп комитетімен бірлесіп мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны және жоспарлағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ, Ә. Смайылов экспортты дамыту саласындағы тұжырымдамалық тәсілді жаңғырту мақсатында әлемдік нарықтағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, Қазақстанның экспорттық стратегиясы қайта қаралатынын айтты. Экспортты ұлғайту және қазақстандық тауарларға арналған нарықтарды кеңейту мақсатында жаңа Сауда және интеграция министрлігінің жұмысы шаралар кешенін әзірлеуге және оны іске асыруға бағытталатын болады.

«Жалпы, жоғарыда аталған шаралар бюджеттік жоспарлау сапасын жақсартуға, қаражаттарды бөлуге бақылауды күшейтуге және мемлекеттік қаражаттың теңгерімін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу