Б.Сағынтаев СҚО әкімін рейтинг қумай, жүйелі жұмыс істеп, бағаның өсуіне жол бермеуге шақырды

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның өсуіне жол бермеу мәселелері бойынша өткен Үкімет отырысы кезінде мәлім етті.

«Сіздерде қанттың, қарақұмық жармасының, тұз, ет және ет өнімдерінің, пияздың бағасының өсуі байқалуда. Аграрлық өңірде ең қымбат нанның болуын қалай түсіндіресіз?!», – деп сұрады Б.Сағынтаев.

Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.

«Ерік Хамзаұлы, мен сіздің дауласпауыңызды, саудаласпауыңызды қалаймын, бізге жүйелі жұмыстар жүргізу керек. Екіншіден, меніңше, сіздің мынадай азық-түлік өнімдеріміздің бағасы республикалық деңгейден төмен деп айтқаныңыз жөн емес. Өз аймағыңыз, сондағы өмір сүру деңгейі мен бағалар үшін жауап беріңіз, оларды республикалық деңгеймен салыстырмаңыз», – деді Б. Сағынтаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу