Биыл 948,1 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда – Олжас Ордабаев

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында еліміздегі халықты жұмыспен қамту саласының негізгі қызметтерімен таныстырды.

Бірінші кезекте, ол азаматтарды тиісті тұрақты немесе мемлекет тарапынан қаржыландырылатын уақытша жұмыс орындарымен қамту мәселесіне тоқталды.

Жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған жұмыс орындарына орналасуға қажетті тәжірибесі, біліктілігі, дағдылары жетпеген жағдайда Мансап орталықтары жұмыс берушінің сұранысына сәйкес оқыту ұйымдарына, жұмыс орнында біліктілігін арттыруға бағытталған қысқа мерзімді оқуға жолдау көзделген.

Бұдан басқа, өздігінен білім алуға ынталы азаматтар үшін Электронды еңбек биржасында онлайн-оқудан тегін түрде өтуге мүмкіндік қарастырылған.

Жұмыспен қамтуға ықпалдасу шараларының келесі бағыты бұл азаматтардың кәсіпкерлік ынтасын қолдауға бағытталған мемлекеттік грант беру және жастарға жеңілдетілген шағын несие беру жұмыстары жолға қойылған.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 963 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Ұлттық жобалар шеңберінде 265,1 мың азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 198 мыңнан астамы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілді. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 382,4 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 316 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 50%-дан астамы немесе 472,9 мыңы 35 жасқа дейінгі жастар», — деді вице-министр.

Өңірлер бөлінісінде Түркістан (14%), Жамбыл (6%), Алматы облысы (6%) облыстарына және Алматы (11%), Астана (6%), Шымкент (6%) қалаларына жұмысқа орналастырылған азаматтардың 52% тиесілі.

Сондай-ақ жұмысқа тұрғызылған азаматтардың 54% ауыл тұрғындары және 70% отбасында жұмыс істейтін жалғыз адам екендігін атап өту керек.

Сонымен қатар қолданыстағы Отбасының цифрлық картасы атты ақпараттық жүйенің мәліметтеріне сәйкес, аталған азаматтардың отбасы жағдайын зерделей келе 559 мың азамат немесе 58% отбасы жұмысқа орналасу арқылы әлеуметтік жағдайын дұрыстауға мүмкіндік алған.

Өз кезегінде, жылдың басында өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді, оның шеңберінде ағымдағы жылға жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлар белгіленді. 2024 жылы барлығы 948,1 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

«Іске асырылып жатқан ұлттық жобалар, түрлі тұжырымдамалар мен салалық жобалар шеңберінде 68,8 мың азаматты жұмыспен қамту қарастырылған. Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 193 мыңнан астам адамды, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 341,3 мың адамды, бос жұмыс орындарына 314,9 мың азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда», — деді ол.

Азаматтардың біліктілігін арттыру мәселесіне келер болсақ, негізгі төрт бағыт бойынша жүргізіледі.

Алғашқы екі бағыты бойынша оқыту жұмыс берушінің сұранысы бойынша биылға 13 мың адамды оқыту жоспарланған.

Электронды еңбек биржасы порталында онлайн оқытудан өз бетінше білім алуға мүмкіндігі бар, бұл бағыттағы биылғы жоспар 40 мың адамды құрайды. Порталға жалпы 119 автордың 181 мамандықтары бойынша 475 онлайн курстары көзделген, оның ішінде 241 курстары тегін түрде жүргізіледі. Бүгінгі таңда 307,1 мың адам оқуды бітіргендігі туралы сертификат алып отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы тегін негізде оқытудың толық жүйесі көзделген.

Бұдан басқа биылғы жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырған жастарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие беру қолға алынып отыр биылғы жылға 5,8 мың адамға шағын несие беруге 29 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

«Өткен жылы 5733 азаматқа микрокредит берілді. 2024 жылы 5,8 мың адамға микрокредит беру жоспарлануда, бұл мақсаттарға 29 млрд теңге бөлінді. Азаматтарға өз ісін ашуға мүмкіндік беретін қайтарымсыз гранттар беру жыл сайын іске асырылады. Биыл 9 мың азаматқа грант беру үшін 13 млрд теңге қарастырылған», — деді Олжас Ордабаев.

Биылғы жылы берілген 9102 қайтарымсыз гранттардың 5717-і әйелдерге (63%), ал оның ішінде 3571-і ауылда тұратын әйелдерге берілді. Грант алған әйелдердің басым көпшілігі 2112-і көпбалалы отбасылардың қатарынан болса, 501-і мүгедектігі бар балаларға қараушы отбасылар, 426 мүгедектігі бар әйелдер, және де атаулы әлеуметтік көмек алушы әйелдер де бар.

Бұдан бөлек, Олжас Ордабаев Электронды еңбек биржасының халықты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты мүмкіндіктері туралы баяндады.

Бүгінде порталмен мемлекеттік органдардың 18 ақпараттық жүйесі интеграцияланған, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге тиісті қызмет түрлерін көрсету жүйесі жолға қойылған. Бүгінде қажетті резюмелерді және бос орындарды тегін түрде орналастыруға мүмкіндіктері бар. Барлық жұмыспен қамту қызметтері автоматтандырылған.Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін порталдың мобильді қосымшасы да жұмыс істеп тұр. Бұл порталдың көмегімен кез келген жұмыс іздеуші болсын, жұмыс беруші болсын барлық қызметтерді мансап орталықтарына жүгінбестен онлайн тәсілмен ала алады.

#Жұмысқа орналастыру #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу