Бақытжан Сағынтаев Goldman Sachs инвестициялық банкінің өкілдерімен кездесу өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тауарлар нарықтарын зерттеу тобының басшысы, мұнай нарығы мәселелері бойынша әлемдегі жетекші сарапшылардың бірі Джеффри Карри бастаған Goldman Sachs инвестициялық банкінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде банкпен ынтымақтастық орнату мәселелері, сондай-ақ, еліміздің мұнай саласында хеджерлеу құралдарын пайдалану мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында қазақстандық компанияларды жекешелендіруге халықаралық инвесторларды тарту келешегі қаралды.

The Goldman Sachs Group, Inc. — инвестициялық банкингпен, құнды қағаздарды сатумен, инвестициялық менеджментпен және өзге де қаржы қызметтерімен айналысатын, қаржы конгломераты саналатын, әлемдегі ірі инвестициялық банктердің бірі. 2013 жылдан бастап Доу-Джонстың өнеркәсіптік индексіне кіреді. Маркус Голдман 1869 жылы компанияның негізін қалаған. Штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан.

Goldman Sachs корпоративтік және инвестициялық банкинг саласындағы әлемдегі ірі ойыншылардың бірі ретінде облигацияларды шығару мен түрлі ұйымдар мен мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлардың компанияларының акцияларын орналастыру саласындағы әлемдегі басты ұйымдастырушы рөлін атқарады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу