Ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту: 1,4 мың жаңа жоба және бюджет кірісінің 2,5 есеге өсуі

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі қаралды. Тақырып бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда республикамызда 6 256 ауылдық елді мекенде 7,6 млн адам тұрады, бұл жалпы еліміздегі халық санының 38,4%-ын құрайды. Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі – 7,2%, ал жұмыссыздық деңгейі – 4,7%. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі – 33% немесе 1,2 млн адам.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның талаптарына сәйкес жүргізілген жұмыстар нәтижесінде соңғы 10 жылда ауылдық елді мекендер саны 6 838-ден 6 256-ға дейін, яғни 582-ге қысқарды. Негізінен ауыл санының қысқаруы халық саны 50 адамнан кем ауылдар жақын маңдағы елді мекеннің құрамына кіруінен болып отыр.

«Министрлік жыл сайын Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуіне мониторинг және талдау жүргізеді. Мәселен, 2023 жылы қамтамасыз ету деңгейі 64,3%-ды құрады, ол 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 тармаққа өсті. Бұл ретте объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етілудің ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында – 72,4%, Атырау облысында – 70% және Ақтөбе облысында – 69,6%. Қамтамасыз етілу деңгейі төмен келесі облыстар: ШҚО – 58%, Ұлытау – 57% және Абай – 55,4%», — деді Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрлігі. 

Сонымен қатар Өңірлік стандарттар көрсеткіштерін талдау нәтижелеріне сәйкес қамтамасыз ету деңгейі жоғары және орташа ауылдар санының артуы байқалады. Осылайша, қамтамасыз етілу деңгейі жоғары (80%-дан астам) ауылдар саны 1 296-ны құрайды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 169-ға артты. Сондай-ақ көрсеткіштері төмен ауылдардың үлесі 1 676-дан 1 399 ауылға дейін азайды.

Жалпы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және Өңірлік стандарттармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, бірқатар жүйелі шара қабылдауда. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Үкімет Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады және іске асыруда. 

Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған. Тұжырымдамада базалық қызметтер көрсетудегі диспропорцияларды қысқарту, ауыл халқының табыс деңгейін арттыру, шекара маңындағы аумақтарды дамыту және ауылдарды дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүйелеу жөніндегі негізгі бағыттар айқындалған.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрінің айтуынша, 2023 жылы орталық және жергілікті атқарушы органдар Тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес кешенді шараларды іске асырды. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 194 млрд теңге сомасына 771 ауылда 1,8 мың жоба іске асырылды, бұдан бөлек 113 млрд теңгеге 4,9 мың сумен жабдықтау және су бұру объектілері салынды, 85 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі құрылды.

176 ауыл Wi-Fi HotSpot технологиясына қосылды және Starlink спутниктік жүйесін пайдалана отырып, шалғайдағы ауылдық мектептерді қосу бойынша пилоттық жоба басталды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 79 млрд теңгеге 12,7 мың жеңілдетілген шағын несие берілді. 

Ұлттық экономика министрінің айтуныша, облыстардың ерекшелігіне сәйкес ауылдық аумақтарды дамыту бойынша жол карталары бекітілді. Ауылдық жерге жас мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік несие мөлшері 1 500-ден 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды және басқа да іс-шаралар іске асырылды.

Ауылдық жерлерде инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жөніндегі басты құралдардың бірі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру. 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен жалпы бағдарлама бойынша 524 млрд теңге бөлініп, 1,8 мың тірек және спутниктік ауылда 5,4 мыңнан астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 578 нысанды, 1,7 мың әлеуметтік нысанды және 3 мыңнан астам ауыл ішіндегі жолдарды салуға және жөндеуге мүмкіндік берді.

Бағдарлама бойынша биыл республикалық бюджеттен 179 млрд теңге бөлініп, 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру жоспарланып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру ауылдық жерлерге жеке инвестициялар тартуға оң әсерін тигізуде. Министрлік тарапынан 2023 жылы бюджет қаражаты шығыстарының тиімділігіне талдау жүргізілді.

Мысал ретінде, Түркістан облысының Төлеби ауданының 16 ауылы 3,5 млрд теңгеге бюджеттен қаржыландырылды. Осы ауылдарда 21,2 млрд теңгеге 40 жобаны іске асыруға жеке инвестиция тартылды. Осылайша, 1 бюджеттік теңгеге 6 жеке инвестиция теңгесі тиесілі болып отыр. Ал, Ақмола облысының Жақсы ауданының 6 ауылына 1 бюджеттік теңгеге 3 жеке инвестиция теңгесі тартылды.

«Ауылдық аумақтарды дамытуға инвестиция салатын жеке кәсіпкерлердің маңызды рөлін де атап өту қажет. 2023 жылы кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен ауылдық жерлерде мектептер, шипажайлар, балабақшалар, демалыс орындары және т.б. нысандар салды. Министрлік тарапынан жыл сайын барлық көздер есебінен ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражатқа мониторинг жүргізіледі», — деді Нұрлан Байбазаров. 

Мәселен, 2023 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да көздерден шамамен 1 трлн теңге әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымын, қоғамдық және экологиялық қауіпсіздікті дамытуға бағытталған. Биылға бұл мақсаттарға шамамен 900 млрд теңге жоспарланған.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, мемлекет ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөледі. 2023 жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес және тәуелді компаниялары арқылы АӨК саласын қаржыландыруға жалпы 554,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы сыйақы бөлігін субсидиялау аясында қолдау тапқан 3 мыңнан астам жобаға 57,6 млрд теңге субсидиялар төленді, 2,5 мың жоба бойынша 55 млрд теңгеге несиелік кепілдіктер берілді. «Іскер» несиелік бағдарламасына сәйкес 22,3 млрд теңгеге 3,9 мың шағын несие, сондай-ақ жастарға шағын несие беру бағдарламасы бойынша 25,6 млрд теңгеге 7,2 мың шағын несие берілді. 

Нарықтық әлеуеті жоғары перспективалы тауарларды анықтау мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында 2023 жылы 500-ден астам өнім өндірушінің қатысуымен 20 өңірлік көрме өткізіліп, жергілікті шикізаттан өндірілген 60 тауар анықталды.

Сонымен қатар өткен жылы 194 инновациялық бизнес-идеяға 897 млн тенге ұсынылды. Тұжырымдама аясында шекара маңындағы аумақтарды дамытуға ерекше мән беріледі. Қазіргі уақытта елімізде 66 шекара маңындағы ауданда 1,8 млн халық тұратын 1 383 ауыл орналасқан. 

«Қолдау шаралары басым тәртіппен экономиканы, инфрақұрылымды, туризмді, шекара маңындағы сауданы дамыту, жұмыс орындарын құру, мемлекеттік шекарадан өту орындарын жайластыру және басқа да мәселелерді шешуге бағытталған», — деді Нұрлан Байбазаров.

2023 жылы ШҚО мен Абай облысындағы бұрынғы шекара маңы аудандары қалпына келтірілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарлама аясында 2019-2023 жылдары 511 шекара маңындағы ауылда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 1,8 мың жоба іске асырылды, 2024 жылы 170 жобаны іске асыруға 36,6 млрд теңге бөлінді. 2023 жылы шекара маңындағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мақсатында 15,6 млрд теңгеге 72 жоба іске асырылды, 44 автомобиль өткізу бекетін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Барлық шекаралас елді мекендер «OTAU TV» қызметіне қосылды. 

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, ауылдық жерлерде кадрлар тапшылығы проблемасын шешу үшін «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылып жатыр. Жобаны іске асыру барысында 2009-2023 жылдар аралығында ауылдық жерлерде 105 мыңнан астам маман 20,3 млрд теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды, оның ішінде 48 мыңнан астамы 160,4 млрд теңге сомасына баспана алды. Биыл 25 млрд теңге қарастырылған, бұл 3,1 мыңға жуық маманды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту мақсатында Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бірқатар іс-шара атқарылатын болады:

«Ауылдардың экономикасын қарқынды дамыту үшін ауыл бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайту қажет. Осы мақсатта Бюджеттің IV деңгейіндегі кірістерін 2,5 есеге арттырып, 167 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік беретін қосымша салықтар мен төлемдердің кейбір түрлерін беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда жеке және заңды тұлғалар мүлік салығының 50%-ын, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым және пайдаланғаны үшін төлемақы және жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Сонымен қатар:

  • «Ауыл – ел бесігі» аясында және ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті қолдау мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту;
  • шекара маңындағы аумақтарға басым түрде қаражат бөлу;
  • ауыл және аудан орталықтарында жаңа тұрғын үй ипотекасын іске қосу мәселесін қарастыру;
  • тірек және спутниктік ауылдар тізіміне енбеген ауылдарды одан әрі қолдау мақсатында әкімдіктермен жаңа тәсілдер қарастыру;
  • ауылдың цифрлық картасын әзірлеу;
  • жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту аясында мәслихаттардың, ауыл әкімдерінің және олардың аппараттарының өкілеттіктерін кеңейту;
  • ауыл әкімдеріне арнайы техника сатып алу құқығын беру.
#Экономика #Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу