Астанада техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бойынша WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионаты өтіп жатыр

2018 жылдың 3-7 желтоқсан күндері Астанада IV WorldSkills Kazakhstan чемпионаты өтуде. Шараға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 30 мамандық бойынша колледждер мен университеттердің 350 студенті келді. Байқау жеңімпаздары келесі жылы Қазан қаласында өтетін халықаралық чемпионатқа Қазақстан атынан қатысатын болады.

30 мамандық бойынша өтіп жатқан төрт күндік ұлттық чемпионат техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Іс-шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі «Кәсіпқор» холдингімен бірлесіп ұйымдастырды.

WorldSkills — мақсаты жұмысшы кәсібінің абыройын арттырып, кәсіпқойлық идеясының өзін құрметтету болып табылатын коммерциялық емес қозғалыс. Еске салайық, өткен жылы қазақстандық жас шеберлер Әбу-Дабиде өткен WorldSkills 2017-ге қатысты. Биыл күзде Қазақстан құрамасы Будапеште өткен EuroSkills 2018-де 10-орынды иеленді.

«Кәсіпқор» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Әсима Бимендинаның айтуынша, Қазақстанда ұлттық чемпионат төртінші рет өткізіліп отыр: еліміз World Skills International қозғалысына 2014 жылы қосылған, ал бір жылдан соң алғашқы чемпионат өтті.

«Біздің елордада көптеген іс-шаралар өтеді, бірақ бүгінгі шара ерекше, өйткені оған еліміздің экономикасының түрлі салалары үшін дайындап жатқан колледж студенттері, болашақ мамандар қатысып жатыр. Жастардың біліктілігі күннен-күнге артып келе жатқанын айтқым келеді. Кәсіптік-техникалық білім берудің маңыздылығы артуда», — деді Әсима Бимендина.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, чемпионатқа республиканың барлық 17 өңірінен студенттер келген. Әрбір құзырет бойынша бас сарапшылар қатысушыларға байқау тапсырмасын береді.

Аспаздық өнер бойынша ҚР-дағы бас сарапшы, мейрамхана кешенінің құрылтайшысы, WorldSkills Kazakhstan негізі салынғаннан бері бас-қасында жүрген С. Әділханов бұл байқауды өткізу отандық техникалық және кәсіптік білімнің дамуына оң ықпалын тигізетінін атап өтті.

«Ұлттық чемпионаттан соң біз Бразилиядағы халықаралық чемпионатқа кеттік. Ол кезде (2015 ж.) бізде тек жеті құзырет болды. Бұл Қазақстанның осы қозғалысқа енді кірген кезі болатын. «Аспаз ісі» құзыреті бойынша Сан-Паулуда өткен әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан қатысушының Қазақстанға медаль әкелгенін айта кеткен жөн. Бұл үлкен жеңіс, себебі, оған 74 ел қатысты, біз «Аспаз ісіндегі» ең үздік 30-дықтың қатарына ендік. Төрт жыл ішінде қозғалыстың мәртебесі өсті, қазір 30-дан аса құзыреті бар. Біз Ресейге, Беларусьқа бардық, биыл Будапеште өткен EuroSkills шарасына қатыстық. Балалар әлемдік аренада өте жақсы нәтижелер көрсетіп жүр», — деді С. Әділханов.
 

Іс-шара өтіп жатқан орын барлық жағдай қарастырылған 30 секцияға бөлінген. Мысалы «Аспаз ісі» секторындағы ас үй әлемдік стандарттарға сай келетін жабдықтармен жабдықталған. «Токарлық жұмыстар» секторында заманауи станоктар орнатылған.

«Кәсіпқор» холдингінің өкілі, «Токарлық іс» алаңының менеджері А. Боженов бұл станоктардың барлығы автоматтандырылғанын айтты. Қатысушыларға комиссия ұсынатын сызба бойынша станокты тек бағдарламалау ғана қалады. Содан кейін станок автоматты түрде бөлшекті жасай бастайды.

«Бұл станок адамдарды ауыр механикалық жұмыстардан босатады. Бағдарламалауға икемі бар адамдар станокшы жұмысын иегере алады. Бұрындары бұл үшін ауыр жұмыс күші қажет болатын болса, ал қазір бағдарламалау дағдысы мен станокқа қызмет көрсетуді білу қажет. Бұл қиын техника, оны меңгеру үшін көптеген арнайы бағдарламаларды білу керек. Қазір бізде түрлі өңірден келген 10 қатысушы бар. Олар — үздіктердің үзідігі, көбі Мәскеуде оқып келген. Қазір өндірісті автоматтандыру жүріп жатыр. Егер біз өндірістің әлемдік деңгейге сәйкес келуін қаласақ, онда бұл бағытты дамытуымыз қажет», — деді А. Боженов.

Қатысушылар, өз кезегінде, өткізіліп жатқан шараның маңыздылығы туралы пікірлерімен бөлісті. Биылғы жылы алаңда алғашқы рет қонақүй бизнесінің бұрышы ұсынылып отыр. Индустрия, туризм және қонақжайлылық колледжінің төртінші курс студенті М. Болгаринаның айтуынша, чемпионаттың тапсырмалары халыққа қызмет көрсету саласындағы бар шеберлігінді паш етуге мүмкіндік береді.

«Біздің құзыреттеріміз, мысалы, шаштараз ісі, аспаз ісі тәрізді деңгейге әлі жеткен жоқ, себебі Қазақстанда туризм, қонақ үй бизнесі, сервис енді дамып жатыр. WorldSkills алаңында алғаш рет қонақ үй бизнесі таныстырылды. Шын қонақ үйде жұмыс істесең, адамды сезініп, онымен тиісті қарым-қатынас орната аласың. Ол үшін бізді колледжде психологияға, адамның темперамент типін анықтауға, оған қалай қарым-қатынас жасау керектігі мен қалауын түсінуге үйретеді», — деді М. Болгарина.

Чемпионат 30 дағды бойынша өтті: «Кірпіш қалау», «Бояу және сәндеу жұмыстары», «Кондитерлік іс», «Электроника», «Отель әкімшілендіру ісі», «СББ бар станоктарда токарлық жұмыстар», «Веб-дизайн және жобалар», «Графикалық дизайн», «Дизельді двигательдерге қызмет көрсету және жөндеу», «Желілік және жүйелік әкімшілендіру», «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші слесарь», «Мехатроника», «Электромонтаждау жұмыстары», «Визуальді мерчандайзинг және витринистика», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Сантехника және жылу жүйесі», «Мейрамхана сервисі», «Инженерлік графика CAD», «Шанақ жөндеу», «Мобильді робототехника», «Шаштараз өнері», «Сән технологиясы», «Астық пен оны өңдеу өнімдерінің сапасын анықтау», «Дәнекерлеу технологиялары», «Плиткамен қаптау», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Аспаз ісі», «Наубайхана ісі», «Тоңазыту және желдету техникасына қызмет көрсету», «Бизнес үшін ІТ жобалар».

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу