Асқар Мамин Қарағанды облысының жаңа ферроқорытпа зауытының ашылуына қатысып, өңірдің индустриялық нысандарына барды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ферроқорытпалар өндіру зауытының ашылу салтанатына қатысып, тау-кен байыту кешенінің бірқатар кәсіпорнына барды.

ҚР Үкіметінің басшысы жаңа ферроқорытпа зауытының ашылуымен құттықтап, өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жоғары технологиялық кәсіпорынның маңыздылығын атап өтті. Жобаның ерекшелігі — «Индустрия 4.0» бағдарламасы аясында өндірістік циклдің жаңа технологиялық әзірлемелерін енгізу.  

Кәсіпорында алғашқы кезеңдерде жылына толықтай экспортқа бағдарланған 180 мың тонна өнім шығару көзделген.

 «Алдағы уақытта жыл сайын 240 мың тоннаға дейінгі көлемде өнім шығару көзделген», — деп А. Мамин, «газ тазарту жүйелерінің кешені және көмірдің орнына электр қуатын пайдалану атмосфераға таратылатын зиянды қалдықтарды толықтай бейтараптандыратынын, сәйкесінше, қоршаған ортаға теріс әсері барынша аз болатынын» атап өтті.

Жаңа ферроқорытпа зауыты металлургия саласындағы басты кәсіпорындардың біріне айналады және тек өңірдің ғана емес, сондай-ақ жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң үлесін қосады.

Ферросилицийдің негізгі көлемі Ресейге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға, АҚШ-қа және Еуропалық Одақ елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар, дайын өнім өндіру кезіндегі қазақстандық қамту үлесі 94%-дан астамды құрайды.

Зауыт құрылысы кезеңінде мың жарымнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оны пайдалану кезеңінде 350 тұрақты жұмыс орны ашылады, екінші кезең іске асырылған жағдайда олардың саны 550-ге дейін артады.

ҚР Премьер-Министрі Қарағанды облысының Қазақстанның өңдеу, металлургия, тау-кен өндіру өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, машина жасау саласын дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.

 «Қарағанды облысында өнеркәсіпті әртараптандыру, жүйе құрушы кәсіпорындарды жаңғырту, инвестициялар тарту жұмыстары жалғасып жатыр», — деп А. Мамин, барлық тартылған инвестициялардың 93%-ы – жеке, олардың жартысы – шетелдік екенін айтты. Облыста 1 трлн-нан астам теңгеге 35 жаңа ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, олардың 17-сі – шетелдік қатысумен. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында инвестициялар өсімі 72% құрады.

ҚР Премьер-Министрі Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Алайғыр» кен орнынның қорғасын-күміс кенін өңдейтін және байытатын, катодты мыс өндіретін кәсіпорындарына, сондай-ақ, «Көктасжал» кен орны базасындағы тау-кен байыту кешеніне барды.

Асқар Мамин «SES Сарань» күн электр станциясын тексеріп, Қарағанды қаласының солтүстік және шығыс айналма жолы реконструкцияланған автокөлік жолымен танысты. Ұзындығы 20 км астам «Қарасор көлінен айнала Көкпекті-Қарағайлы» айналма темір жол желісі құрылысы жобасын қарау барысында су тасқыны салдарынан зиян келтірілген т/ж жолдарының бөлігін қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндалды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу