Асқар Мамин жаңа ҚР Сауда және интеграция министрлігінің басшысын таныстырды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин жаңа ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ұжымына Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған басшы Бақыт Сұлтановты таныстырды.

Асқар Мамин таныстыру барысында Б. Сұлтановтың басшылық қызметтердегі көп жылдық жұмыс тәжірибесін атап өтті. Ол экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы министрліктерін басқарған. Түрлі жылдары Премьер-Министрдің орынбасары, Президенттің көмекшісі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметін атқарған.  

«Б. Сұлтановтың жаңа мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастыруға және қойылған міндеттерді сапалы орындауға қажетті мол тәжірибесі бар», — деді А. Мамин.

ҚР Премьер-Министрі Б. Сұлтановтың Мемлекет басшысының үлкен сенімін ақтап, жаңа Министрліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

ҚР Сауда және интеграция министрлігіне ішкі және сыртқы сауда саясаты, экспортты үйлестіру және ілгерілету, техникалық реттеу және стандарттау саласындағы функциялар берілген.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу