Алматыда реаниматологтардың көшпелі мобильді топтарының іске қосылуына байланысты COVID-19-дан өлім-жітім саны азайды

PrimeМinister.kz-ке берген сұхбатында Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров жағдайы ауыр пациенттер мен өлім-жітім деңгейін төмендету үшін Реаниматология және анестезиология орталығының мамандарды ауқымды жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Бұл мобильді реанимациялық тобы тәулік бойы қаладағы барлық реанимация бөлімдерінің пациенттерінің жағдайына мониторинг жүргізіп, әрбір жағдайы ауыр пациенттің жай-күйін қадағалап отырады.    

Мобильді топ екі бөліктен тұрады. Негізгі бөлігі — «қызыл» аймаққа кіретін, пациенттермен қарым-қатынас жасайтын, олардың параметрлерін зерттейтін және телемедицина арқылы барлық мәліметтерді арнайы штабқа жіберетін реаниматологтар. Бұл штабта тәжірибелі мамандар — реаниматологтар, анестезиологтар мен кафедра қызметкерлері шоғырланған.

«Осылайша, біз жағдайы ауыр пациенттерімізге тұрақты бақылауды қамтамасыз етеміз. Консилиумдардың мұндай мүмкіндігі мен қолжетімді болуы өте маңызды және біз бүгіннің өзінде алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Бізде өлім-жітім саны азайды. Пациенттердің айналасындағы консилиумдардың саны қажет болған жағдайда ұлғайтылуда, бөлімшеден реанимацияға немесе керісінше ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өйткені белгілі бір консилиумнан кейін біз емдеуге түзетулер енгізе бастаймыз. Жергілікті жерлердегі дәрігерлер пациенттің жағдайының ауырлығын үнемі тиісінше және толыққанды бағалай алмайды. Мұндайда біздің тәжірибелі әріптестеріміз көмекке келеді. Бұл тәжірибе өзінің тиімді екенін көрсетті», — деді К. Надыров.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жақында құрылған Пациенттерге мониторинг жүргізу орталығының жұмысы туралы айтып берді. Оның міндеті — тәуекел тобындағы пациенттерді тәулік бойы бақылау. Бұл амбулаторлық деңгейде, әсіресе, қарт адамдардың арасында аурудың асқынуын азайтуға мүмкіндік береді. Қ. Надыровтың айтуынша, бұл формат өзінің тиімділігін көрсетті және қазір орталықтың жұмыс ауқымын кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда. 

«Бұл Пациенттерге мониторинг жүргізу орталығы тәуекел тобындағы пациенттермен жұмыспен ғана шектелмей, жалпы алғанда өз жұмысының ауқымын кеңейтіп, біздің пациенттеріміз үйден шықпай-ақ қашықтан форматында телемедицина арқылы қандай да бір қызметтерді алу мүмкіндігіне ие болу міндеті тұр. Бұл бағытта біз қазір үлкен бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Менің ойымша, жақын арада ол таныстырылады. Оның маңыздылығы — дәрігер үйден шықпай-ақ немесе штабта отырып, науқасқа кеңес бере отырып, науқас туралы барлық ауру тарихын көре алады. Біздің бүгінгі міндетіміз — осындай барлық жүйелерді ықпалдастыру және медициналық көмекті қашықтан форматында барынша сапалы көрсету», — деді К. Надыров.

Сонымен қатар, К. Надыров Алматыда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қандай да бір олқылықтардың теріс әсерін азайту шаралары туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қаланың стационарларында, амбулаторияларында және емханаларында қажетті дәрі-дәрмектердің барлық түрлері бар.

«Иә, жасырмаймыз, белгілі бір кемшіліктер болды. Олар бірқатар себептерге байланысты. COVID-19-пен күресуде стационарлық және амбулаториялық деңгейде дәрілік препараттардың негізгі жеткізушісі бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» болып табылады. Әр түрлі себептерге байланысты түрлі уақытта оларды жеткізуде іркіліс байқалды. Бұл логистика мәселелерімен де байланысты: бірқатар препараттар шетелден әкелінеді. Қазір пандемия жағдайында логистикалық бағыттарды құру өте қиын», — деді Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров.  

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қандай да бір іркілістердің теріс әсерін азайту үшін Алматы қаласының әкімдігі дәрілік препараттардың тұрақтандыру қорын жасау туралы шешім қабылдады. Оған шамамен 10 млрд теңге бөлінді. Бұл ақша ең қажетті дәрі-дәрмектердің жарты жылдық қорын сатып алуға жұмсалады. Бұл қор пациенттер тарапынан сұранысты қанағаттандыру үшін жеке дәріханаларға да, сондай-ақ «СҚ-Фармация» тарапынан іркіліс болған жағдайда қойманы ашып, препараттарды қандай да бір стационарға жеткізу үшін стационарлық деңгейде де жұмыс істейтін болады.

«Осылайша, дәрі-дәрмектердің үздіксіз жеткізілуі қамтамасыз етіледі. Бұл қазірдің өзінде оң нәтижесін беруде. Қазір бізде барлық қажетті дәрі-дәрмектер бар», — деді К. Надыров.

Сондай-ақ ол бүгінгі таңда қалада өкпені жасанды желдету аппараттары жеткілікті екенін атап өтті. 100-ге жуық ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Қазір ӨЖЖ аппараттарын қосымша сатып алу мәселесі пысықталуда.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу