Әлихан Смайылов көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды

Бейсенбі күні, 12 мамырда, Үкімет үйінде жылу беру кезеңінің қорытындысы мен келесі жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Үкімет отырысы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтті.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, Қазақстанда Петропавл қаласын қоспағанда, жылу беру маусымы тұрақты режимде өтті. Биыл наурызда Петропавлдағы 2-ЖЭО істен шыққан еді.

«2021 жылы еліміздегі электр станцияларында сағатына 114,3 млрд кВт электр энергиясы өндірілді, бұл 2020 жылғы деңгейден 6%-ға артық», — деді Б. Ақшолақов.

Энергетика министрлігінің басшысы Петропавл қаласындағы биылғы наруызда түтін мұржасы жарым-жартылай опырылып түскен ЖЭО-да қандай жұмыстар жүріп жатқанына тоқталды. Сәуір айында Петропавлға тәуелсіз сарапшылар тобы жіберілді. Олар Петропавл 2-ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру жөніндегі жол картасының орындалуы, қазандарды жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдарды дайындау, уақытылы қаржыландырмау, жеткізбеу тұрғысынан заң бұзушылықтарды анықтады.

Қазақстандағы барлық ЖЭО-да осындай тексерулер жүргізу туралы Премьер-Министрдің сұрағына жауап бере отырып, Энергетика министрлігінің басшысы өткен аптада 37 жылу электр орталығы мен 8 су электр станциясының жұмысына бақылау жүргізіле бастағанын хабарлады. Тексеру маусым айының соңына дейін жалғасады.

Сонымен қатар аталған мәселе бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, өткен маусымда елімізде 111,7 млн тонна көмір өндірілген. Биыл 4 айда 38 млн-ға жуық тонна көмір өндірілді. 

Премьер-Министр алдағы жылыту маусымында халықты көмірмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін салалық ведомствоның қандай шаралар қабылдап жатқаны туралы сұрады. Марат Қарабаев экономиканы демонополизациялау жұмыстары аясында «КСО» АҚ кірме жолдарды ұсыну қызметтеріне тарифтер 92%-ға төмендегенін айтты. Сондай-ақ «КСО» АҚ акциялар пакетінің 100%-ы республикалық меншікке берілді.

Екінші шара — өңірлік операторлардың сауда-саттыққа тікелей қатысуы.

«Тауар биржасы арқылы халыққа көмірді сату үлесін 10%-дан 50%-ға дейін арттыру мәселесі пысықталып жатыр», — деді ол.

Сондай-ақ ҚР ИИДМ өнімсіз делдалдарды болдырмау үшін көмірді сату тізбегін зерделеп жатыр.

Премьер-Министр мемлекеттік органдар басшылары мен бірнеше облыс әкімінің баяндамаларын тыңдап, жылыту маусымына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Атап айтқанда, Энергетика министрлігі мен әкімдіктер жылыту маусымы басталғанға дейін жылу және энергетика нысандарының барлығының жай-күйі мен дайындығын толық тексеруі тиіс.

1 маусымға дейін әкімдіктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуі керек. Білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз ету қажет.

Үкімет басшысы өңір әкімдерінің назарын жаңа құрылыстарды іске қосу үшін оларды коммуналдық және инженерлік инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз етуге аударды.

Сонымен қатар тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін азайту және энергия өндіруші ұйымдардың отын жеткізушілер алдындағы берешегін өтеу жөнінде шаралар қабылдау қажет.

Әлихан Смайылов былтыр республиканың шығыс және солтүстік өңірлерінде күннің ерте сууы салдарынан кезектер пайда болып, көмір бағасының көтерілгенін еске салды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, тұрғындарды, ЖЭО мен қазандықтарды қажетті көлемдегі көмірмен алдын ала қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы электр станцияларына көмір жеткізуге басымдық бере отырып, оларды қажетті вагондармен қамтамасыз етуі керек.

«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алып, әсіресе тұрғындар үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауы қажет», — деді Үкімет басшысы.

Жалпы Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері нысандарды алдағы жылыту маусымына дайындау барысына қатаң мониторинг жүргізуі тиіс, деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу