Денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы: салауатты өмір салты мен адам капиталын дамытуға басымдық беріледі

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары туралы баяндап,  денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған жобасын ұсынды. 

«Денсаулық» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі нәтижелері

Е. Біртанов атап өткендей, 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қабылданған шаралар негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік берді. Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 73,15 жасты құрады. Жалпы өлім-жітім 2%-ға, аналар өлімі 13%-ға, нәрестелер өлімі 4%-ға, туберкулезден өлім-жітім 41%-ға төмендеді.

Денсаулық сақтау саласында құрылымдық өзгерістер орын алды, атап айтқанда, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылды, бірінші реттік медициналық-санитарлық және жедел көмек көрсету жетілдірілді, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету орталықтандырылды, медициналық білім беру жаңғыртылды, инфрақұрылым жақсартылып, денсаулық сақтау саласын цифрландыру енгізілді. 

«Медициналық қызметкерлердің жалақысы 30%-ға өсті, медициналық қызметкерлер тапшылығы 2,7 есе азайды. Денсаулық сақтауға салынатын инвестициялар 2,4 есе өсіп, 147 млрд теңгеге жетті. 469 жаңа медициналық нысан іске қосылды», — деді министр.

Цифрландырудың арқасында емханалардағы кезек 2 есе азайды. Барлық мемлекеттік медицина ұйымдарында медициналық ақпараттық жүйелер  енгізілді.

«Жалпы, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қойылған негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілгені байқалады», — деді Е. Біртанов.

 Денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының міндеттері, бағыттары мен басымдықтары

Денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы 2020-2025 жылдарға арналған. 

«Бағдарламаның мақсаты – сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Осы мақсатқа тоғыз негізгі бағыт бойынша үш міндетті шешу арқылы қол жеткізіледі», — деді министр.

Бағдарлама міндеттері: 

  • тұрғындардың салауатты өмір сүру салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық сақтау қызметін дамыту; 
  • медициналық көмек сапасын арттыру
  • денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы. 

Мемлекеттік бағдарламаның тоғыз бағыты:

 ● адамдардың денсаулығын таңдау;

● заманауи қоғамдық денсаулық қызметі;

● БМСК деңгейінде денсаулықты жан-жақты қолдау;

● адам капиталын дамыту;

● медициналық көмек көрсетуді жетілдіру;

● денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құру;

● МӘМС іске асыру және денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға қол жеткізу үшін ерікті медициналық сақтандыруды ілгерілету;

● медицина саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту;

● денсаулық сақтаудағы тиімді басқару.

Бағдарламаның негізгі басымдықтары:

Бірінші — мінез-құлық тәуекелдері факторларының алдын алу және салауатты өмір сүру салтын ұстану бойынша шаралар күшейтіледі;

Екінші — балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға басымдық берумен аурулардың алдын алуға, көмек көрсетуге және үздік халықаралық тәжірибені ескерумен толыққанды оңалтуға назар аударылады;

Үшінші — жалақыны арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, кәсіби жауапкершілігін қорғау арқылы медициналық қызметкер мәртебесін арттыру;

Төртінші — жеке сектор ресурстарын тартумен 2025 жылға дейін халықаралық деңгейдегі заманауи ауруханалар желісін салу бағдарламасы арқылы өңірлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын едәуір жаңарту, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері бойынша ірі нысандарды салуға инвестициялық шығындарды өтеу және медициналық қызметтерге тарифтерді арттыру. 

Тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру міндеті аясында, тұзды тұтынуды 31%-ға, темекі шегуді 13,6%-ға, алкогольді тұтынуды 16%-ға төмендету жоспарланған.

Дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтарды қамту 36%-ға жетеді. Балалардың семіздікке шалдығуы 8%-ға төмендейді.

Тамақ өнімдерінің сапасына, негізгі инфекциялық аурулармен күресуге және жарақаттану мен жазатайым оқиғалардан өлім-жітімді төмендетуге ерекше назар аударылады. 

«Нәтижесінде АИТВ-ға шалдыққа адамдарды емдеумен қамту 29%-ға артады,  жол-көлік оқиғаларынан өлім-жітім 24%-ға төмендейді, туберкулезбен сырқаттану 9%-ға, абайсызда уланудан өлім-жітім 10%-ға азаяды», — деді министр.

Бағдарламада балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына басымдық берумен аурулардың алдын алуға жеке бағыт арналған. 15 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өзіне өзі қол жұмсаудан өлім-жітімді 4%-ға төмендету көзделген. 

Бағдарламаның тағы бір бағыты - адам капиталын дамыту бағытының аясында кәсіби дамытуды жетілдіру, биомедициналық зерттеулер нарығын дамыту,  дербестендірілген медицинаны коммерцияландыру, енгізу көзделген. Жалақысын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, кәсіби жауапкершілігін қорғау арқылы медициналық қызметкер мәртебесін арттыру жоспарланған. 2025 жылы экономикада дәрігердің орташа жалақысының орташаға ара қатынасы 2,5 еседен асады және 550 мың теңгені құрайды;  ауылдарды медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету 13%-ға өседі; клиникалық зерттеулер саны 2 есе артады.

Сонымен қатар жаңа бағдарлама шеңберінде педиатрия, оңалту және басқа медициналық қызметтерді кеңейту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру жоспарланған. 

Пациенттердің медициналық көмек сапасымен қанағаттану деңгейі 65%-ға дейін артады; мүгедектікке алғашқы шығу деңгейі 2,4%-ға төмендейді.

Бағдарлама ақпараттық жүйелерді одан әрі дамытуды, бизнес интеллект құралдарын енгізуді, қашықтық медицинасын дамытуды, статистиканың жаңа тәсілдерін енгізуді көздейді. Осылайша, интеграцияланған платформасы бар медициналық ұйымдардың үлесі 90%-ға жетеді.

«Денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы» міндеті аясында тұрғындардың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарының үлесі 39%-дан 27%-ға дейін төмендейді.

Бірінші реттік медициналық-санитариялық көмек пен қоғамдық денсаулық сақтауды қаржыландыру жалпы шығыстардың 60%-на жетеді.

Сонымен қатар, негізгі құралдарды жаңарту, ірі объектілерді салуға жұмсалған инвестициялық шығындарды өтеу, тарифтерді жетілдіру көзделген.

Президент тапсырмасы бойынша, медициналық техникамен жабдықтау 100%-ға жетеді, медициналық ғимараттарының тозуы 38%-ға төмендейді; денсаулық сақтау саласына салынатын инвестициялар көлемі 2,8 трлн теңгеге жетеді, оның ішінде жеке инвестициялар үлесі 70%-ды құрайды.

Инфрақұрылымды жаңартудың арқасында, 2025 жылға дейін халықаралық стандарттарға сай заманауи көпсалалы ауруханалар салу бойынша бағдарлама жүзеге асырылады және оған жеке сектор ресурстары тартылады. Ел өңірлерінде 19 заманауи көпсалалы аурухана салынады. Осылайша, маңызды төсек-орын қоры 50%-ға жаңарады. Бұл мақсатта ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында ҚР Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасында меморандумға қол қойылды.

Жаңа бағдарламаны жүзеге асырудан күтілетін нәтижелер

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 1 адамның денсаулығына шаққанда шығындар 279 мың теңгені құрайды. 

Негізгі созылмалы аурулардан ерте өлім-жітім деңгейі 15,56%-ға, аналар өлімі 16,7%-ға, нәрестелер өлім-жітімі 19,4%-ға төмендейді. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 2025 жылы 75 жасқа жетеді.

Мемлекеттік бағдарлама жобасы тұрғындармен, мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдармен, барлық мемлекеттік органдармен, Президент Әкімшілігімен келісілген.

Сонымен қатар отырыс кезінде Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пя сөз сөйледі.  Оның айтуынша, мұндай бағдарламалар денсаулық сақтау саласын аса ілгерілетіп, көбірек инвестиция тартуға мүмкіндік жасайды. 

Мысалы, кардиология және кардиохирургияны дамыту бойынша қабылданған бағдарлама әр өңірде кардиологиялық орталықтар ашып, жоғары технологиялар енгізуге мүмкіндік берді, жалпы, бүгінгі таңда жүрек-қан тамыры ауруларына қатысты проблемалар сәтті шешілуде. 

«Қазір барлық өңірлерде дамыған біздің кардиология және кардиохирургия қызметтерінің және денсаулық сақтаудағы басқа да қызметтердің, әсіресе, бірінші реттік медициналық-санитариялық көмектің арасындағы айырмашылықты барынша азайтатын сәт келді. Мұндай көмек қолжетімді әрі жоғары білікті болуы тиіс. Мен кардиология және кардиохирургия қызметтерін дамыту мұны өз күшімізбен, өз кадрларымызбен жасау мүмкін екенінің мысалы бола алады деп ойлаймын», — деді Ю. Пя.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу